60 жастан асқан науқастардың еміне ерекше көңіл бөлу қажет. Еліміздің денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирус инфекциясына қарсы күрес шаралары талқыланған жиында осы мәселеге назар аудартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыға арнайы іс-сапармен келген министр қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен және медицина қызметкерлерімен кездесу өткізіп, қазіргі эпидемиологиялық жағдай және коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін талқылады. Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы қарастырылды.
COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері пысықталған отырыста жан-жақты пікір айтылды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз сөзінде Алматының медициналық мекемелерінде болмаған оттегі стансаларын қосу жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Қауіпті індетпен күресте ең алдымен 60 жастан асқан науқастардың еміне ерекше көңіл бөлу қажет екенін ескертті.
«Қант диабеті, семіздігі, артериалдық гипертензиясы бар 60 жастан асқан науқастарды кем дегенде 3 күні компьютерлік томографиядан өткізіп, бірден ауруханаға жатқызу қажет. Өлім-жітім осы топтағы адамдар арасында тіркеліп жатыр. Олар ауруханаға кеш түсіп, өкпесі 50 не 70 пайыз зақымданып, бірден реанимациядан шығып жатыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.
Жиында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров резервтік төсек-орындарды жоспарлы түрде ауыстыру алгоритмі құрылғанын айтты. Бұдан бөлек, қаланың барлық медициналық ұйымдарында үй-жайларды аймақтарға бөлу жүргізілді. Бұл ауруханаішілік инфекцияны болдырмау үшін қажет деді ол.
«Қуаттылығы 7011 төсек бар 28 ковидтік клиника және 250 реанимациялық клиника дайындалды. Бүгінде 5000 инфекциялық және 220 реанимациялық төсек-орын жұмыс істеуде. Дәріхана желісі мен ковидтік госпитальдар үшін дәрілік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді. Кадрлық резерв қалыптасты, онда - 2758 медицина қызметкері бар. Пациенттерді амбулаториялық бақылау бойынша қалалық емханалардың мобильді бригадаларының жұмысы жолға қойылды. Қала бойынша 768 топ жұмылдырылды», – деді қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров.
Шаһар басшысы қауіпті індетпен күрес аясында қаланың денсаулық сақтау жүйесін күшейту бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті. Медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кадр тапшылығын шешу бойынша Жол картасы әзірленгені тілге тиек етілді. Бұл ретте жаңғыртудың үш жылдық жоспарына сәйкес кешенді жұмыстар жүргізілуде.
«Бәрі бақылауда. Керекті құрал-жабдықтар әкімшілік арқылы, денсаулық сақтау басқармасымен толығымен ауруханалар қамтамасыз етілген. Оның ішінде реанимация бөлімі 100 пайызға қамтамасыз етілген. Соның арқасында ем шаралары өткізіліп жатыр», – деді қаланың бас реаниматологы Тілеуберді Қуандықов.
«Алдымен 1866 төсек-орын болған, одан кейін 340 төсек-орны дайындалған. Енді мінеки 5 мың төсек орын COVID-19 науқастарына арнайы дайындап қойдық. Кең талқыланған мәселелердің бірі - осы COVID-19-ға қарсы шараларды дұрыс қолданып, халыққа медициналық көмекті дұрыс ұйымдастыру», – деді Телемедицина орталығының директоры Лаура Мырзағали.
Отырыста Алматыда қаланың 16 емханасын оттегімен 100% жабдықтауды мақсат еткен жалпықалалық бағдарламаның қабылданғаны сөз болды. 2020 жылы 6 клиника оттегімен толық жабдықталса, биыл тағы 10 клиника оттегі стансаларымен қамтылмақ. Жиын қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрі жұқпалы дертке қарсы күрес жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Айта кету керек, жиында араққашықтық пен барлық санитарлық талаптар сақталды. Одан бөлек барлық қатысушылар да аурудың жоқтығын растайтын анықтамалар бар.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы