Бұл күндері интернет кеңістігінде коронавирустың жедел кезеңінде тыныс алу жаттығулары пайдалы деген кеңестер көп айтылуда. Ал сарапшы мамандар болса, оның зиян екенін ескертеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының меңгерушісі, инфекционист-дәрігер Баян Тұрдалина айтты. Маманның сөзінше, науқас стационарда негізгі емін алып болып, үйіне жіберілгеннен кейін ғана өкпе жаттығуын жасауы қажет.
«Кез келген адам коронавирусты, яғни жұқпалы процесс екенін ұмытпауы қажет. Әрине, жұқпалы процесс кезінде өкпеде, осы айтып отырған әртүрлі өзгерістер болуы мүмкін. Ол өкпе жағынан, басқа да жүйелер жағынан. Әрине, реабилитациялық тыныс алу гимнастикасы тиімді. Бірақ жедел кезең аяқталғаннан кейін... Сондықтан пациент стационарда негізгі емін алып болған соң жазылу процессі нақтыланып, үйге жіберілгеннен кейін тыныс алу гимнастикасымен айналысуы қажет», – деді инфекционист-дәрігер Баян Тұрдалина.
Ал, Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Нұрила Малтабарова артериалды гипертензия, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, семіздік сынды сырқаттар кезінде де өкпе қабынатынын айтты.
«Жүрек-қан тамырлары жұмысының жеткіліксіздігі салдарынан ағзада сұйықтық көбейіп, өкпедегі ісік ұлғаяды. Біз өлім-жітім себебінің бірі өкпе қабынуы болуы мүмкін дегенімізде, бұл инфузиялық препараттардан емес, жүрек-қан тамыры жүйесі жұмысының жеткіліксіздігінен ағзада сұйықтықтың артқандығынан дегенді білдіреді. Мұндай жайт созылмалы аурулар түріндегі жоғарыда аталған тәуекел факторлары бар пациенттердің басым бөлігінде орын алады», – деді Астана медицина университетінің кафедра меңгерушісі Нұрила Малтабарова.