Алматыда 1 ақпаннан бастап коронавируске қарсы вакцинация басталады

26.01.2021 00:54

Бүгінде Алматыдағы барлық емхана екпе жасауға толығымен дайын

Almaty.tv

Бүгінде әлемнің біраз елдерінде вакциналау науқаны басталып кетті. 1 ақпаннан бастап қазақстандықтар да коронавирустан тегін қорғана алады. Бұл ретте Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын мамандармен кездесіп, халықты алаңдатып отырған бірқатар сұрақтарға жауап іздеген еді.

Бүгінде Алматыдағы барлық емхана екпе жасауға толығымен дайын. Ол үшін арнайы бөлмелер мен төсектер, мейірбикелер де бөлінген. Еске салайық, елімізде коронавирусқа қарсы вакциналау екі кезеңмен жүргізіледі. 1 ақпаннан бастап қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүргендер Ресейде өндірілген «Спутник V» екпесін алады. Ал, екінші кезеңде Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген екпе егіледі.  

«Вакцинаны сақтауға арналған мұздатқыш камералары мен термокантерлер бар. Халық денсаулығы қаулысына сәйкес қала тұрғындарына екпе ерікті түрде жүргізіледі», – деді қалалық №4 емхана бас дәрігерінің орынбасары Зарина Алтынбекова.

Созылмалы аурумен науқастанғандар жүкті әйелдермен бірге емізулі аналарға, ковидпен ауырып айығып шыққандар және соңғы 14 күн ішінде инфекциялық ауру жұқтырғандар, адам бойында тұмау белгілері бар науқастар екпе алуына болмайды. Вакцинадан кейін пациент 30 минут дәрігердің бақылауында болады. Одан бөлек, 3 күн тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерлер хабарласып, жағдайын біліп отырады.

«Келесі 3 күн ішінде қысқа мерзімді жалпы тұмауға ұқсас сиптомдар болуы мүмкін. Дене қызуының көтерілуі, сырқаттылық, бас ауру. Екпе алған жері ісу, қызару болуы мүмкін», – деді қалалық №4 емхана бас дәрігерінің орынбасары Зарина Алтынбекова.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, әлем бойынша Covid-19-ға қарсы 240-қа жуық вакцина сынақтан өтіп жатыр. Соның ішінде 8 -і ғана толық талданып, ресми түрде азаматтарға қолдануға рұқсат берілген.    

«Бұл сегіз вакцинаның жаңағы айтатын болсақ, олар деген жаңағы «Modern» компаниясының, «Pfizer» компаниясының, соның ішінде және біздің Ресейде өндірілген Гамолея институтының «Спутник вип» деген вакцинасы, сонымен қатар жаңағы Қытай Республикасында шығарылып жатқан төрт тағы да вакциналар осылай жедел түрде, шұғыл түрде қолданылып жатыр», – деді эпидемиолог-дәрігер Лена Қасабекова.

Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Қытай және АҚШ-пен бірге вакцина өндіруші бірқатар мемлекеттермен келіссөздер жүргізуде. Айта кетейік, Гвинея Президенті Альфа Конде «Спутник V» вакцинасын алған алғашқы адам. Сондай-ақ, елімізде  жоғары лауазымды 19 тұлға да екпе алыпты.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы