Вице-министр Алматы облысындағы Қаскелеңде орналасқан Қарасай аудандық орталық ауруханасын сынға алды
Карантин режимі әр елдімекенде әртүрлі сақталуда. Кейбір медициналық мекемелерде қауіпсіздік күшейтілмеген. Ол туралы бүгін Денсаулық сақтау вице министрі Қамалжан Надыров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше Бас санитар қаулысының орындалуына аймақтарда мониторинг жүргізіліп жатыр. Вице-министр Алматы облысындағы Қаскелеңде орналасқан Қарасай аудандық орталық ауруханасын сынға алды. Аталған ауданның медициналық мекемесінде қауіпсіздік сақталмаған.
«Мысалы, Алматы облысын алайық. Қарасай ауданының орталық аудандық ауруханасына бардық. Өкінішке қарай, ешқандай сақтық шарасы жоқ. Карантин режимі енгізілгеніне қарамастан, елде ТЖ режимі екеніне қарамастан, біз ауруханалардың ішіндегі келушілердің көптігін, оның ішінде науқастарға келушілердің аз еместігін өз көзімізбен көрдік», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан НАДЫРОВ.
Қамалжан Надыров коронавирус жұқтырғандардың әрбір бесіншісі медициналық қызметкерлер екенін де айтты. Бұл статистика алаңдатып отырғанын жасырмады. Дәрігерлердің вирусты жұқтыру қаупіне жол бермеу үшін медициналық ұйымдармен, эпидемиологтармен мақсатты түрде жұмыс жүргізетінін жеткізді. Сонымен қатар ол барлық медициналық мекемелерде карантин енгізу мүмкін еместігін атап өтті. Және Денсаулық сақтау вице-министрі Қазақстанда коронавирус инфекциясымен ауырғандар саны әлі де көбейеді деген болжам барын тілге тиек етті.
«Не себепті күрт көбейді? Стратегиялық тұрғыдан біз өзіміздің тәуекел топтарында жұмыс істейтінімізді анықтадық. Бірінші кезекте бұл медициналық ұйымдардың қызметкерлері. Олар жаппай тестілеуден өтеді. Ол үшін барлық қажетті құралдар, тесттер, шығыс материалдары бар. Осы бағытта жұмыс жоспары жасалды. Статистика жағымды болмайтыны жасырын емес. Өкінішке қарай, біздің әріптестеріміз немесе науқастар арасында жұқтырудың жаңа жағдайын анықтаймыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Қамалжан НАДЫРОВ.