Коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне енді өтемақы берілмейді – ДСМ

22.10.2020 в 00:59

Қазақстанның 12 облысында коронавирус жұқтыру деңгейі қайта өсіп барады

Коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне енді өтемақы берілмейді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің бірінші оранбасары Марат Шоранов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша 20 қазанда Үкімет жанындағы Ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында медицина қызметкерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемдерді аяқтау туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Осылайша 20 қазаннан бастап медицина қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдерге жаңа өтінімдер қабылдау тоқтатылды.

«Қалған 5 пайыз немесе 421 медицина қызметкеріне біржолғы төлемдер қазір өңірлік комиссиялар деңгейінде рәсімдеу сатысында және олар ақпараттық жүйеге енгізіледі. Оларға төлемдер апта соңына дейін 23 қазанға дейін беріледі», – деді ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов.  

Ал, Қазақстанның 12 облысында коронавирус жұқтыру деңгейі қайта өсіп барады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова мәлім етті. Комитет басшысы соңғы аптада алдыңғы аптадан қарағанда ауру жұқтыру деңгейі 1,2 есе артқанын атап өтті. Сонымен бірге, оқушылардың коронавирус жұқтыру жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп келе жатқанын айтты.  

«Оқу жылы басталғалы бері оқушылардың арасында 250 бала коронавирус инфекциясын жұқтырып алды. Олардың ішінде кезекші сыныпта оқитын балалардың саны – 105. Осы балалармен қарым-қатынаста болған 1426 адам анықталды. Сол адамдардың ішінде 19 кісі коронавирус жұқтырған. Қашықтан оқып жатқан оқушылардың ішінде де вирус жұқтырғандар бар. 145 бала. Олармен байланыста болған 348 адам анықталып, соның ішінде 22 адамнан коронавирус нақтыланды», – деді ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.