Бүгінде Алматы бойынша қауіпті індетпен 7 мыңнан астам ақ халатты күресіп жатыр
Азаматтардың қауіпті дертті жұқтырып, ауруханаға ауыр жағдайда түсуінің себебі – үйінде өздігінен ем қабылдауынан. Осылай деген дәрігерлер кейіннен оларды емдеп жазу да қиынға соғатынын айтады. Тәулік бойы қызметте жүрген ақ халаттылардың еңбегі бүгінде мемлекет тарапынан қалай бағаланып жатыр? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын коронавирус жұқтырған науқастың қабылдауынан шыққан ақ халаттылармен тілдесіп келді.
Қазіргі уақытта жұмысы қарбалас дәрігерді сұхбатқа тарту оңайға соқпайды. Әр адамның өмірі минуты үшін күресіп жатқан олардың қызметі бүгінде тым қауырт. Соның бірі – Ботагөз Кансейітова. Медицина саласында 20 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп жүрген ол сәуір айынан бері отбасымен тек онлайн тілдесіп жүр. Балаларын сағынса да, індетпен күресуді қызметтік парызым деп біледі.
«Отбасымыздан алыста жүріп, індет басталғалы бері қызметтеміз. Қазір бізге Елбасымыз, Президентіміз үлкен сенім артып отыр. Сол сенімді атқару үшін шаршамауға тырысамыз. Қазір Үкімет уәде еткен жалақымыздан бөлек, үстемақыны да алып отырмыз», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Ботагөз Кансейітова.
Бұл – 14 күнде салынған И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы. 280 орынға шақталған орталықта қазір 180 науқас ем қабылдап жатыр. Қаладағы білікті дәрігерлердің бәрі де осында жиналған. Ковидпен күресіп жатқанымызға 8 айға жуықтаса да, қауіпті індетке әлі де немқұрайлы қарайтындар бар дейді дәрігерлер.
«Өкінішке қарай, қазір індеттің басталғанына 7-8 ай өтсе де, көпішілік арасында сенбейтіндер бар. Олардың көпшілігі жастар. Қазір тыңдамай, жиныдарға, тойларға барады. Қазір тәулігіне әртүрлі 17-18 науқас түседі. Кейде 30-дың үстіне барады. Кейді тыныш 5-6 науқас қана түседі», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Әйгерім Сейітова.
Науқас жандарды емдеу үшін басын қатерге тіккен барша дәрігерлердің еңбегі бүгінде мемлекет тарапынан лайықты бағаланып жатыр. Үстемақы дәрігерлердің лауазымына қарамастан, бәріне бір деңгейде төленуде. Айта кетейік, бұл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, оларға жалақысынан бөлек төлем ретінде көрсетіліп жатқан жеңілдіктер.
«Қауіпті аймақта жұмыс істеуімізге байланысты қазір Үкімет шығарған қаулы бойынша қала әкімдігі ұйымдастырған үстемақыны ай сайын алып отырмыз. Осындай қиын-қыстау кезеңде бізге қолдау көрсетіп жатқанына мемлекетімізге үлкен рахмет», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының кезекші дәрігері Нұрсұлтан Намазбаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 8 айдың қорытындысына сәйкес, дәрігерлерге 13 млрд-ға жуық теңге үстемеақы төленген. Қаржылай қолдауды жүзеге асыру үшін арнайы комиссия жұмыс істейді. Оны қала әкімі бекіткен. Бүгінде Алматы бойынша қауіпті індетпен 7 мыңнан астам ақ халатты күресіп жатыр.