Адам көп шоғарыланатын саябақтар, демалыс алаңдары сынды жерлер әлі де болса қауіпті. Себебі елімізде инфекция жұқтырған жаңа деректер күн сайын көбейіп жатыр. Демек, еркінсуге әлі ерте. Сондықтан себепсіз қыдыруды, серуендеуді доғара тұру керегін Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тағы да қала тұрғындарының есіне салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, пандемия басталғанда тұмаудың бір түрі деп мән бермеген елдер ақыры қандай жағдайға ұшырады? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы не дейді?
«Құрметі алматылықтар, менің талаптарым мен өтініштерім қаланың әр тұрғынының денсаулығын қорғау мен санитарлық-эпидемиялогиялық жағдайларды жақсартуға негізделген. Сондықтан алматылықтардан саналық пен жауапкершілік танытуды өтінемін. Өйткені қоғамның денсаулығы әрқайсымыздың жеке қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз орындауымыздан құралады», – деді қалалық мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Жандарбек БЕКШИН.
Иә, қоғамның қауіпсіздігі әр адамның жауапкершілігіне байланысты болып тұрған, уақыт қазір. Эпидемиологтар сауық кештері мен бас қосуларға баруды тия тұрған жөн дейді. Күнде жаңа дерек тіркеліп жатқан Алматыда кешкілік серуендеуді де азайту керектігін айтады мамандар. Себебі вирус адам көп жиналатын жерде тез тарайды. Бір ғана мысал, Бразилия соңғы уақытта аты жаман аурудан тәулігіне көз жұмғандар бойынша көш бастап тұр. Мәселен, өткен тәулікте онда 1492 адам коронавирустың кесірінен өлім құшты. Себебі аталған елдің халқы түгіл билік басындағылардың өзі пандемия басталғанда селқос қарап еді. Аталған елдегі жағдайдың өршуін мамандар осының кесірі деп отыр. Бұл күндері Бразилияның жер-жерінде дертпен күресуді күшейту керек деген толқулар болып жатыр.
Бұл – қауіпті індетпен ауыратын туыстарын шығарып салып тұрған отанасының жан айқайы. Олар тиісті медициналық көмек ала алмадық деп қынжылады. Ал, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлі де болса, COVID-19-ға қарсы екпенің табылмағанын айтып, сақтық шараларын өте қатаң ұстануды күнде-ақ ескертіп жатыр. Ал, кей елдерде ғана жағдай бір шама жақсарғанымен инфекция толықтай жойылмайынша қауіптілігі жоғары екендігін айтты.
«Біз Еуропаның кейбір елдерінде қауіпті індеттің беті қайтып жатқанын байқадық. Ал, Америка құрлығында әлі де болса жағдай ушығып тұр. Сондықтан мейілінше соңғы технологияларды пайдаланудамыз. Емдеу методикасын жиі жаңартып тұрмыз. Соңғы уақытта Америкада тіркелген жаңа жағдайлар осы уақытқа дейінгі статистикадан асып кетті. Демек, санитарлық нормаларды қатаң сақтауды естен шығармау қажет», – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом ГЕБРЕЙЕСУС.
Әлем елдерін дүр сілкіндірген қауіпті кеселмен күресуде әр адам өз үлесін қосу қажет. Қысқасы, қоғам алдындағы жауапкершілік бірінші орында болуы тиіс. Ол үшін қарапайым санитарлық талаптар мен тазалық сақталуы шарт. Мамандар себепсіз серуендеу мен қыдырудың дәл қазір қауіпті екенін тағы бір мәрте ескертеді. Бұл әлем елдерінен бөлек Қазақстанға да қатысты айтылған сөз.
Арнат Дйүсен, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» арнасы