|
08.04.2020 | 20:01
3199

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігер арызданды

Бұл жайында дәрігер әлеуметтік желіге жазған

Жамбыл облысында коронавирус жұқтырған дәрігер арызданды Almaty.tv

Жамбыл облысында Меркі аудандық ауруханасының дәрігері коронавирус жұқтырып, ауруханаға жатқызылды. Бұл жайында ақ халатты әлеуметтік желісіне арызданып жазған, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Толқынай Ордабаеваның айтуынша, медициналық мекемеде арнайы қорғаныш киімдері аз, сондықтан ауру жұқтырдым, деген. Ал, облыстың бас дәрігері аталған деректі жоққа шығарып отыр.

Меркі аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар дәрігері шағымын желіге жариялап, қызу талас тудырды. Маман, елордада коронавирус жұқтырған қариямен байланыста болған Меркі тұрғындарымен тікелей жұмыс істеген. Аудандағы 2 инфекциялық дәрігердің бірі еңбекке жарамсыз болғандықтан, бір жарым айдан бері тек өзі жұмыс істеген. Қызмет барысында маска мен қорғаныш киімдерінің тапшылығы қатты сезіліп, бір реттік қорғаныш киімдерін де бірнеше рет қайталап киіп жүруге тура келгенін айтады.

«Біздің мамандарымыз қолдарынан маска тігіп алып, сонымен өзін қорғап жүр.  Маска жоқ деп айтты ғой бізге. Басында кішкене 5-6 маскадан берді де, кейін бермей қойды.  Кейбір бір реттік киімдерді бірнеше реет кигізген.  Медбикелер айтып қояды ғой, амал жоқ. Сол өзіміздің киімдерімізді лақтырмай, қайта кигізген ғой бізге», – деді  Меркі аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар дәрігері  Толқынай ОРДАБАЕВА.

Толқынай Ордабаевада 1 сәуір күні карантинге жатқызылған науқастарды шығаруға қытысқан. Сол күннің ертеңіне дәрігер бойынан ауырлық сезініп,  жұмыстан сұранған. Десе де басшылық рұқсат бермеген соң, сол қалпы бірнеше күн бойы науқастарға қызмет көрсетіпті. Ақыры  6 сәуір түнде сынама тапсырып, індет жұқтырғаны расталған. Осы жағдайдан соң, жиі байланыста болған ата-анасы, эндокринолог дәрігер, участкелік дәрігер, медбике – барлығы 5 адам оқшауланған. Ал, облыстың бас дәрігері аурудың анықталған уақыты 6-сы емес, 3 сәуір екенін мәлімдеп отыр.  

«Бұл науқас 3 сәуір күні дене қызуымен және жіті инфекцияның белгілерімен анықталған болатын. Одан коронавирустық індетке оң нәтиже алынған болатын. Ол жерде өзін қорғау заттары, бетперделер, дезинфекциялық заттар бойынша ешқандай заңға қарама-қайшылық жоқ. Енді ары қарай біздің біріккен комиссиямыз тексереді. Тексеру нәтижесі міндетті түрде айтылатын болады», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат ЖҰМАНҚҰЛОВ.

3 жылдық жұмыс өтілі бар дәрігердің шағымы Денсаулық сақтау министріне дейін жетті. Елжан Біртанов облыстың бас дәрігеріне мәселені майшаммен қарауды тапсырды. Қазір аталған іс бойынша қызметтік тексеру басталды.

Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы,  Тараздан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир