Ресей алғашқылар қатарында Қазақстанға вакцина сатуға міндетті болады. Алайда бұл келісім сынақтың үшінші кезеңінен өткеннен кейін ғана ескеріледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазір сынақтың екі кезеңі өтті. Көрші елден екпе сатып алуға қатысты түсініктеме берген Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр, қазірге дейін қос мемлекет келісімшарт жасағанын жеткізді. Тек тиісті сынақтардың тәмәмдалуын күту қалып отыр. Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ астық өнімі мен республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу мәселелері талқыға салынды.
Биылғы астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде болады деп жоспарлануда. Қазірге дейін 11,5 млн тоннасы бастырылған. Осындай ақпармен бөліскен Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров бұл өнімді Қазақстан қай елдерге экспорттайтынын айтып берді.
«Өзбекстан, Тәжікстан, Қығызстан, Түрікменстан, Ауғанстан мен Иран мемлекеттеріне тасымалданатын болады. Қытайға қарай астық пен ұн экспорты көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталып өткендей, биыл 18 млн тонна астық жиналса, осы көлемнің тиісті бөлігі осы нарықтарға бағытталмақ», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан омаров.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Болат Атамқұлов республикалық жолдардың құрылысына қатысты мәлімет берді. Айтуынша, алдағы бес жылға «Нұрлы жол» бағдарламасының жалпы бюджеті 5,5 трлн теңгені құрап отыр.
«Автожол саласының бюджетінен республикалық жолдарды салу мен реконструкциялауға 2,1 трлн теңге бөлінді. Биылға дейін жөндеу жұмыстары 13 мың шақырымға жүргізілген. 2025 жылға дейін тағы 11 мың шақырым көзделіп отыр. Биыл 4 мың шақырымға жүргізілуде. Ал жол бойындағы сервис нысандарына республикалық бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Әзірге нысандардың инфрақұрылымын құру үшін 651 алаң бөлініп отыр. Бұл бағытта бизнеспен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс атқарамыз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Болат Атамқұлов.
Үкімет үйіндегі брифингте ресейлік вакцинаны сатып алу мәселесі де көтерілді. Анықталғаны, қазір көрші мемлекеттің ғалымдарымен екпені сынақтан өткізудің екі фазасы аяқталған. Вакцинаның үшінші сынақ кезеңі шамамен желтоқсан айына қарай аяқталуы мүмкін. Осы тиісті сынақтарды өткеннен кейін ғана оны сатып алу туралы шешім қабылданады.
Салтанат Нысанбек, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан