Алматыда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау мониторингі жалғасып жатыр

04.06.2021 01:06

Мобильді топтардың құрамына жергілікті полиция қызметкерлері, әкімдіктің мамандары және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді

24.kz

Карантиндік шектеулердің сақталуын тексеретін мобильді топ өкілдері 2-інен 3 маусымға қараған түні кафе, бар, мейрамхана, караоке, компьютерлік клубтар, боулинг, бильярд және басқа да мекемелерде белгіленген карантиндік тексерудің қалай жүргізілгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сол  түні тексерушілер Алмалы және Медеу аудандарында заң бұзушылықтарды анықтады. Мысалы, Алмалы ауданындағы «Бату» мейрамханасында 40-қа жуық адам болды.  Мейрамхана иесіне қатысты жиналған материал әрі қарай шешім қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберілді.

Сонымен қатар, тексерушілер 80-ге жуық адам болған Медеу ауданындағы Kowlon барында заңбұзушылықты анықтады. Бұл мекеме Ashyq жобасының қатысушысы, оларға карантиндік шектеулердің кейбір жеңілдіктерімен жұмыс істеуге рұқсат етілді. Алайда бұл барда келушілер арасында әлеуметтік қашықтық сақталмады. Мекеме басшылығын жауапкершілікке тартуды санитарлық дәрігерлер қабылдайды, материал аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімшесіне берілді.

Айта кетсек, 20 наурыз бен 3 маусым аралығында белгіленген шектеулердің 1045 бұзылуы анықталды. Жалпы анықталған нысандар саны  673-і мейрамхана, кафе мен дүкендерге, 127 компьютерлік клубқа, 16 бильярд клубқа, 46 СПА-салонға, 29 саунаға, 2 кальян барға, 31 караоке клубқа, 22 лото клубқа, 1 букмекерлік кеңсеге, 22 түнгі клубқа қатысты. Аудандық полиция басқармасына барлығы 3337 адам жеткізілді.

Тексерушілер карантин бұзушыларды  жазаламайды, әрқайсымен түсіндірме жұмыстары өтіледі. Мұндай тексерулердің басты мақсаты-санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларының бұзылуына байланысты коронавирустың таралуын болдырмау.

Мобильді топтардың құрамына жергілікті полиция  қызметкерлері, әкімдіктің мамандары және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Қалада барлығы 40 бақылау тобы жұмыс істейді.

Алматы әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын ауру жұқтыру қаупін азайту мақсатында адамдар көп жиналатын жерден аулақ болуға шақырады.

Кәсіпкерлік субъектілері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қадағалап, белгіленген жұмыс режимін сақтауы қажет, мекеме қызметкерлері жұмыс орнында бетперде тағуы керек.