Тарихы тереңде жатқан медициналық мекеме қанша науқас қабылдай алады?
Алматылық дәрігерлер әлемнің кейбір елдерінде коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты дайындықты күшейтті. Қалада болуы мүмкін КВИ-дің екінші толқынына алдымен медициналық мекемелер сақадай сай болуы керек дейді ақ халаттылар. Кесел жұқтырғандарды емдейтін қаладағы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жай-күйін таныстырды.
Тарихы тереңде жатқан медициналық мекеме қанша науқас қабылдай алады? Аурумен бетпе-бет келетін дәрігерлердің дайындығы қалай? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан жалғайды.
Бұл – Алматыдағы 124 жылдық тарихы бар жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы. Қазір мекеме әдеттегі режим бойынша жұмыс істеп жатыр. Сақтық үшін емдейтін мекеме іші «лас» және«таза» аумаққа бөлінген. Келушілердің міндетті түрде дене қызуы өлшенеді. Мұндағы дәрігерлер өздеріне коронавирустық инфекцияның бірінші толқынынан біраз сабақ алғанын айтады. Медициналық қызметкерлер барынша стресске төзімді болуды үйрендік дейді. Ал мекемеде нақты алгоритм қабылданып, КВИ жұқтырғандарды емдеу жолы бекітілген.
«Коронавирустық инфекция ауа тамшылары арқылы жұғатын болғандықтан, аурухана ішінде барлық сақтық шаралары сақталған. Бізде медициналық қызметкерлер үшін бөлек кіру-шығу есігі қарастырылған. Дәрі-дәрмекті алу немесе басқа да зертханалық талдауларды қауіпсіз алу мақсатында жағдай жасалды», – деді қалалық Шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Гүлмира Тойбаева.
Қазір індет жұқтырғандарды емдейтін мекемеде 30 орын бар. Егер эпидемиологиялық ахуал ушықса, аурухана 320 науқасты қабылдауға қауқарлы. Кеселмен бетпе-бет келетін медициналық қызметкерлерді қорғау басты назарға алынды. Мекемеде 4 мыңға жуық бір реттік қорғаныш киімі, 2500-ге жуық көп рет киілетін арнайы костюмдер бар. 15 мыңға жуық респиратор сатып алынған. Ал ауруханадағы қоймада 3 айлық қор, яғни 52 препарат түрі бойынша 640 мың дәрі сақталып тұр.
«Бізде оттегінің жылжымалы конденсаторлары бар. Оларды қажетті кезде аурухана ішінде ары-бері оңай қозғалтуға болады. Кез келген бөлімге апара аламыз. Қазіргі таңда оттегі станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл деген барлық палатада оттегі жүргізіледі деген сөз. Ауруханада 32 дана өкпені жасанды желдететін аппарат бар. Жалпы қажетті құралдар жеткілікті», – деді қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігері орынбасарының міндетін атқарушы Гүлмира Тойбаева.
Алматылық дәрігерлер коронавирустық инфекцияны көп жағдайда егде жастағы қарттар, балалар және қосымша аурулары бар адамдардың жұқтыруы мүмкін екенін ескертеді. Сақтықта қорлық жоқ деген ақ халаттылар халықты қарапайым ережелерді сақтауға үндейді.
Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы