Қазір әлемнің қай түкпіріне барсаңыз да қолыңызда коронавирус жұқтырмағаныңызды дәлелдейтін ПТР анықтамаңыздың болуы шарт. Қулыққа басқандар енді шет елге еш кедергісіз ұшу үшін COVID-19 жұқтырмадым деген жалған құжат жасауға көшкен. Алматы халықаралық әуежайының өзінде мамырдан бастап осындай 40-қа жуық дерек тіркеліпті. Енді мұндай заңбұзушылықтың алдын-алу үшін мамандар қандай шара қолданбақ? Жолаушылар үшін бұл қаншалықты тиімді? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толықтырып айтады.
Бұдан былай, шет елге ұшпас бұрын жолаушылар QR-код арқылы өз статусын көрсетуі керек. Бұл соңғы 72 сағат ішінде тапсырған ПТР-тестінің қаншалықты заңды екенін анықтауға мүмкіндік береді. Аз уақыттың ішінде жолаушының тестті қашан және қай жерден тапсырғаны туралы ақпарат шығады. Ал, жалған немесе қолдан жасалған анықтама болса, ол жолаушы ұшақ бортына жіберілмейді екен.
«Жалған ПТР анықтамасын жасаған жолаушының рейсі кейінге шегеріледі немесе мүлде жойылады. Ол билетті сатып алған авиакомпаниясының келісіміне байланысты. Ал, жолаушы болса, осы әуежайдағы санитарлық дәрігерлерге жеткізіледі. Кейіннен мамандар оның денсаулығын анықтайды», – деді FlyDubai авиакомпаниясының өкілі Павел Филиппов.
Мұндай жалған анықтама жасап, қулыққа барғандар жазасыз қалмайды дейді жауапты сала мамандары. Десе де бүгінге дейін қаладағы зертханалардың негізсіз анықтама бергені туралы шағым келіп түспеген.
«Мәселен, мамыр айында біздің авиакомпаниямен ұшқан 400 жолаушының ішінен 15 адамда ПТР-анықтамасының жалған екені белгілі болды. Қазақстаннан ұшқан кезде олардың анықтамасында ауру жұқтырмағыны туралы жазылған болатын. Ал, шет елдегі қызметкерлеріміздің тексеруіне сәйкес, олар COVID-19 індетін жұқтырғаны расталды. Олар мұндай жалған құжатты қайдан және қалай алғаны туралы әзірге белгісіз», – деді Asiana авикомпаниясының өкілі Всеволод Ким.
Қолданыстағы қаулыға сәйкес, коронавирус вакцинаның екі компонентін де алған қазақстандықтар шет елден келерде ПТР-анықтамасын тапсырмауына рұқсат. Айта кетейік, соңғы тәулікте Алматыға өзге елден 2365 жолаушы келген. Оның 301-інде вакцина паспорты болған.
Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы