Аймақтарда коронавирустан емдейтін емханаларда орын жеткілікті. Тек Нұр-Сұлтан қаласында ғана стационарлар 90 пайызға толған. Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Лязат Ақтаева осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, қазір аталған мәселені шешу мақсатында республикалық медициналық ұйымдарда орын қарастырылған. Жалпы еліміз бойынша 36 мың 700-дей орын дайындалған. Бүгінгі күнге 12 мың 700-ден астам науқас емделіп жатыр екен. Оның ішінде 237 бала бар. Олардың жағдайы қанағаттанарлық деді Ақтаева. Өңірлер ішінде Ақмола, Түркістан, Қостанай, Павлодар, Нұр-Сұлтан қалаларында көп тіркелуде. Сонымен қатар, симптомсыз науқастар да көбейген. Олардың саны 6 мың 800-ден асқан.
«Бұл санатқа коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастар мен вирус тасымалдаушылар кіреді. Сондай-ақ, ЖРВИ, тұмау немесе пневмония белгілері бар науқастар. Яғни, егер науқастың респираторлық белгілері болса, ол коронавируске міндетті тегін тестілеуге жатады. Сонымен қатар, бұл COVID-19 жұқтырған адамдармен байланыста болғандар және медициналық қызметкерлер, әскерге шақырылушылар мен мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдар», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Лязат Ақтаева.