«Сауда орталығы, базарлар жұмыс істемей, қоғамдық көлік жүрмейді»: Елордалықтар күшейту шараларын қалай қабылдады

Фото: Алихан Сариев
Фото: Алихан Сариев
Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің бірқатар өңірінде алдағы демалыс күндері сауда орталықтары мен жабық азық-түлік дүкендері, базарлар мен дәмхана, мейрамханалар жұмысын тоқтатып, қоғамдық көлік қатынамайды. Коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында қолға алынған шектеулерді бүгін Үкімет басшысы ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысында айтты. Сонымен, ел тұрғындарына нендей шектеулер қойылады? Қай өңірлерде режим күшейтіледі? Almaty.tv тілшісі тарқатады.

Селекторлық отырыста еліміздегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша күшейту шаралары қарастырылды. Олар алдағы демалыс күндері, яғни 20-21 маусымға қатысты болмақ. Мәселен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларында бұл күндері сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі тоқтатылады. Алайда қоғамдық тамақтану орындарына әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып ашық ауада жұмыс істеуге  рұқсат етіледі. Одан өзге фитнес орталықтар жабылады. Саябақ, жағажайлар мен аквопарктер де жұмыс істемейтін болады. Сонымен қатар, туристік аймақтарға баруға тиым салынады. Демалыс күндері, сондай-ақ, қоғамдық көлік жүрмейді. Ал әсіресе жасы 65-тен асқан адамдардың көшеге шықпауы ескертілді.

«Өздеріңізге мәлім, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің үндеуінде халықтың карантин режимін жаппай сақтамау салдарын, коронавируске қатысты жағдайдың күрделене түскенін айтты. Осыған орай ведомствоаралық комиссия отырысында біз елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шараларды қабылдауымыз керек. Барлық дерлік өңірде қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың саны қарқынды түрде артуда. Бұл карантин режимін күшейту бойынша қатаң әрі пәрменді шараларды қабылдау қажеттілігін көрсетіп отыр», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Ал, саны 50 мың адамнан асатын елдімекендерге қатысты да шектеулер қойылып отыр. Мәселен, қоғамдық орындардың: саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, аквапарктердің жұмыс істеуі тоқтатылады. Ал, соңғы күндері ережені ескермей кеткендердің кесірінен індет қайта өрши бастаған. Сондықтан халық қауіпсіздік үшін жасалатын қадамдарға түсіністікпен қараймыз дейді.

БЛИЦ:

– Дұрыс деп ойлаймын. Үйде отыру керек.

– Адамдар көбейіп жатса жабу керек.

– Адамдардың қауіпсіздігі үшін, әрине, керек. Қыдырмау керек, адамдар көп жиналған жерге бармау керек. Сақтансаң, сақтайды дейді ғой.

– Менің ойымша, дұрыс. Осындай індет таралып жатқанын ескеріп, сақтық шараларын қолдану қажет.

– Дұрыс болады. Демалыс күндері балалар алаңқайына да шықпау керек. Сақтанудың амалдары ғой.

Селекторлық отырыста Үкімет басшысы өңірлердің әкімдіктеріне қысқа мерзім ішінде медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханалар ашу арқылы халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейтуді тапсырды. Бұдан бөлек, ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындар санын көбейту жүктелді. Сондай-ақ, науқастарды КТ-зерттеумен қамтамасыз етіп, үйлерінде жатқан науқастарға амбулаторлық-емханалық көмек деңгейінде сапалы динамикалық бақылау жасау міндеттелді.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан


Новости партнеров