Алматыдағы мәйітханалар мен зираттар: коронавирустан көз жұмғандар саны азаймай тұр

Almaty.tv
Almaty.tv
Пандемия басталғалы 6400-ден астам адам осы дерттен ажал құшты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биылғы індет жұқтыру көрсеткіші былтырғыдан үш есеге асып түскен. Күнде 1,5 мың адамнан коронавирус табылып жатыр. Ал, пандемия басталғалы 6400-ден астам адам осы дерттен ажал құшты. Өлім-жітім саны көбеймесе, азаймай тұр. Қалалық мәйітханалар мен зираттардағы жағдайды өз көзімен көріп қайтқан Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнесюжетіне  назар аударсақ.

Александр Коваленко коронавирустан көз жұмған әйелін бүгін жер қойнына тапсырды. Кезінде аллергиялық ауруына байланысты вакцина салдырмапты. Ал, отбасы, бала-шағасы түгелдей екпе алған. Соның арқасында бәрі коронавирустан жеңіл құтылған, ал вакцина салдырмаған әйелі ғана ауруды жеңе алмаған.

«Ол вакцина салғыза алмады. Себебі кез келген медициналық препарат түріне аллергиясы бар еді. Қалған жетеуміз түгел екпе алдық. Соның әсерінен коронавирусты жеңіл өткердік. Бірақ әйелімнен айырылып қалдық. Сондықтан халыққа айтарым, кеш болмай тұрғанда вакцина алыңыздар», – деді қала тұрғыны Александр Коваленко.

Бұл негізінен COVID-19-дан қайтыс болғандарды әкелетін қалалық патологоанатомиялық бюросы. Мәйітхана маңынан жақынын жоқтап, денесін алу үшін кезекте тұрған адамдар көп.

«Құрметті көпшілік! Мына коронавирус деген бәле осындай елімізге оралып жатыр. Халқымыз, еліміз, барлығымыз сақтанып жүрейік. Коронавирустың жағдайымен келіп тұрмыз мына жерге. Оған сенбейтін жұмыстарды істемеңіздер. Вакцина салыңыздар», – деді қала тұрғыны Тұрсын Әлімшер.

Мәйітханадан соң, қаладағы ең үлкен Батыс зиратындағы жағдайды да өз көзімізбен көрдік. Індеттің құрбаны болғандар өзге бейіттерден алшақ орналасқан жерде жерленеді. Жүрек сыздатар жаңа зираттардың саны көп.    

Зират қызметкерлерінің айтуы бойынша, коронавирустан көз жұмғандар дәл осы жерде жерленеді. Әрбір көктастан марқұмдардың былтыр не биыл қайтыс болғанын көруге болады.

Айта кетейік, өткен тәулікте 1570 қала тұрғыны індет жұқтырған. Оның 687-сі ауруханада жатыр. Ал жалпы ковидтік стационарларда жатқан алматылықтардың саны 5 мыңнан асып отыр. Олардың 204-і балалар. Сондықтан мамандар ажалды ауыздықтаудың жолы вакцина және аурудан сақтану екендігін айтады.      
Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы
Новости партнеров