Денсаулық сақтау министрі коронавирус вакцинасын неге салдырмай жүр

11.02.2021 01:57

Елімізде 13 301 медицина қызметкері екпе алды

Almaty.tv

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой QazCovid-In қазақстандық вакцинасын күтіп жүргенін, отандық өнімді қолдау туралы шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  zakon.kz-ке  сілтеме жасап.

Ол QazCovid-In  қазақстандық вакцинасының клиникалық сынақтарының соңғы кезеңі жүріп жатқанын айтты.

«Бұл – инактивті вакцина, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің барлық кезеңдері біздің ерекше бақылауымызда. Денсаулық сақтау министрі ретінде мен қазақстандық вакцинаны қолданғым келді. Ол өндіріске шыққан кезде оны алғашқылардың бірі болып ектіремін», –  деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен брифингіде.

1 ақпанда Қазақстан ресейлік Sputnik V вакцинасымен коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау науқанын бастап кетті. Денсаулық сақтау вице-министрлері мен санитарлық дәрігерлер вакцина салдырып үлгерді.

Жалпы қазірдің өзінде 13 301 медицина қызметкері екпе алды.