Коронавируспен ауырып, үйде ем алып жатқан науқастар қалай емделуде – тілші көзімен

31.07.2020 01:13

Дәрігер науқастардың үй карантиніне арналған талаптарын мұқият сақтауын ерекше қадағалаймыз дейді

Аlmaty.tv

Коронавируспен ауырып, үйде оқшауланып жатқан пациенттер қалай ем алады? Оларды дертінен айықтыру үшін нендей шаралар жасалады? Үйде карантиндегі адамдармен күнде тікелей байланыста болатын дәрігерлердің жай-күйі қандай? Бүгін арнамыздың тілшілері учаскелік дәрігерлердің жұмысымен танысып қайтты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Назым Смайлова COVID-19 індетіне шалдығып үйде оқшауланып жатқан адамдарға ем көрсету үшін осылай киініп, қамданады. №27 қалалық емханада қызмет ететін ол күніне 10-15 жағдайы ауыр науқасты үйіне барып бақылайды. Бүгін тағы да сондай мехнатты жұмысын жасауға аттанып, пациенттердің хәлін біліп қайтты.

Дәрігер науқастардың үй карантиніне арналған талаптарын мұқият сақтауын ерекше қадағалаймыз дейді. Оларға күнделікті не істеу керектігін түсіндіріп, айтып отыру маңызды деген пікірде.

«Дене қызуым 37 болды. Әлсіздік болды, жөтелдім. Содан мына өзіміздің аурухананың дәрігерлері келіп тексеріп, дене қызуым да түсті. Әлсіздігім де жоқ, қазір жақсымыз. Алдымен Алланың арқасы сосын дәрігерлердің арқасында», – деді қала тұрғыны Айхан Әлішева.

«Режим сақтаңыздар деді. Аузымыздан маскамызды тастамаймыз. Үйде тазалық сақтап, қолымызды жиі жуамыз. Дезинфекция жасаймыз. Рахмет мынау 27 аурухананың  дәрігерлері бар. Дер кезінде келеді, кешікпейді», – деді қала тұрғыны Әлімақын Қоқымбаев.

Ал індеттің жеңіл түріне шалдыққан пациенттерді жергілікті дәрігер телефон арқылы хабарласып, қажетті кеңесін беріп отырады. Төтенше жағдай кезінен бері қауіптің ортасында жүрген маман науқастарға тек ем-дом жасап қана қоймай олардың көңіліне демеу болуға тырыстық дейді.

«Науқастарымызға психологиялық дәрежеде де көмек көрсеттік. Өйткені науқастар өздері психологиялық дәрежеде осындай аурумен ауырып қалдым деп ойлаған сайын ол кісілердің иммунитеті төмендейді. Сондықтан да біз психологиялық дәрежеде де оларға көмек көрсете де білдік», – деді № 27 қалалық емханасының учаскелік дәрігері Назым Смайлова.

Жас та болса қауіпті вируспен күресіп жүрген дәрігер жұмыс барысында түрлі қиын жағдайлар кездесетінін жасырмайды.

«Басында біз қатты терледік. Бұған үйрене алмай жүрдік. Өте ауыр болды. Қиналдық. Бірақ енді науқастардың денсаулығы үшін барлығына шыдауымыз керек болды. Қазір бұл костьюмдердің бәріне үйреніп қалдық. Қазір мына костьюмдеріміз қазір жеңілдеу. Екі-үш апта алдында қатты толқын болды ғой. Отбасымдағылар қорықты, әрине. Денсаулығын ойлап қорықты. Енді мен оған қарамастан, осы толқынды жеңіп шығуға күш-қуатымды салдым», – деді № 27 қалалық емханасының учаскелік дәрігері Назым Смайлова.

Назым бұл міндетін өмірлік миссиям деп біледі. Әлі талай науқасты дертінен айықтырып, ел медицинасына тамшыдай болсын үлес қосарына сенімді.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы