Алматыдағы модульді стационарлар коронавирустың екінші толқынына қаншалықты дайын

27.10.2020 в 01:15

Модульді стационар бас-аяғы 280 науқасқа шақталған

Алматыдағы модульді стационарлар коронавирустың екінші толқыны келе қалса, күресуге толық дайын. Төсек-орын саны да жеткілікті. Индустриалды аймақта бар-жоғы 18 күнде бой көтерген жұқпалы аурулар ауруханасының қазіргі жағдайы қалай? Науқастарға қанша дәрігер көмек көрсетеді? Жалпы емдеу мекемесінің қуаттылығы қанша? Қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар ма? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан тарқатады.

Бұл – Алматыда COVID-19 инфекциясын жұқтырғандарды емдеуге арналған медициналық нысан. Модульді стационар бас-аяғы 280 науқасқа шақталған. Онда жансақтау бөлімінде 28 орын бар. Әр қабылдау бөлімінің есігі бөлек салынған. Сондықтан қызыл аймақтағылар жасыл дәлізге түйіспейді. Қазіргі таңда онда 120 шақты науқас ем қабылдап жатыр. Оларға 16 жоғары санатты дәрігер, 120-дан аса медициналық қызметкер қол ұшын созуда. Егер науқастар саны 280-ге жетсе резервтегі мамандар шығып, ақ халаттылар саны 40-қа ал орта қызметкерлер 230-ға жетеді.

«Екінші толқын бастала қалған жағдайда, ауруханамыз толығымен сол келіп түсетін науқастардың барлығына дәрі-дәрмек пен емдік шаралармен қамтамасыз ете аламыз. Ешқандай қиындық жоқ ол жағынан. Модульді стационарда бізде барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соның ішінде коронавирусты ауру ішінде ең қажеті бізге оттегі ғой. Бізде барлық науқастарға палаталар орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз етіледі. Оған қоса, қосымша бізде оттегі концентраторлары бар», – деді И.С. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының бөлім меңгерушісі Әйгерім Сейітова.

Шынында да, аурухана заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Модульді стационарда компьютерлі томография, рентген аппараты, ультрадыбыстық зерттеу құрылғысы және зертханалық орталық бар. Қауіпті дертпен күнделікті бетпе-бет келетін дәрігер халыққа өзінің және өзгенің денсаулығына бейжай қарамауға шақырады. Өйткені қарапайым ережелерді сақтау әлдеқайда оңай.

«Ең қарапайым қорғаныш ережелерін сақтау керек. Ол масканы тағу, қолды үнеме тазалықта ұстау, санитарлық нормаларды қадағалау.

Бірінші кезекте бәріне айтатыным – сақтық шараларын сақтаңыздар! Ол жаңағы күнделікті айтылып жатыр ғой. Бетперделерді тағу, санитарлық сақтық шараларын сақтаған жағдайда, бұл жерде көбінесе қорғанып қалуға болады», – деді И.С. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының бөлім меңгерушісі Әйгерім Сейітова.

Індет өрши түссе,  Алматыда 7226 орынға арналған 32 аурухана дайын болады. Пандемияның екінші толқыны келе қалса 5 мың 500 медициналық қызметкер кез келген уақытта көмекке дайын. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайы да барынша күшейтілген.

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы