Жалпыұлттық аза тұту күні: Алматыдағы мемлекеттік мекемелермен қатар өндіріс орындары мен зауыттардың да туы төмен түсті

almaty.tv
almaty.tv
Қызметкерлер жұмыстарын бір сәтке тоқтатып, коронавирустан көз жұмған қазақстандықтарды еске алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қауіпті инфекциядан көз жұмғандардың рухына тағзым. Алматыдағы мемлекеттік мекемелермен қатар, өндіріс орындары мен зауыттардың да туы төмен түсті. Қызметкерлер жұмыстарын бір сәтке тоқтатып, коронавирустан көз жұмған қазақстандықтарды еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Бір минут үнсіздік. Жүріп келе жатқан көлік тоқтады, асығып бара жатқан жан адымын баяулатты. Бір мезетте барша ел, бүкіл қазақстандық үнсіз ғана құрбан болғандарды еске алды. Қаладағы азық-түлік өнімдерін өндіретін ірі «МАСЛО-ДЕЛ» компаниясы қызметкерлері де қызу жұмысын аз уақытқа ысырып қойып, аты жаман аурудан көз жұмғандарды аза тұтты.

Компаниядағы ту да төмен түсірілді. Қызметкерлер қайтыс болғандардың отбасына қайғырып көңіл айтты.

«Қазіргі таңда бар әлемге таралып жатқан коронавирус ауруына қарсы көптеген іс-шаралар жасалып жатыр. Осы іс-шараларды барлығымыз қолдап, маска тағып, әлеуметтік арақашықтық сақтасақ, бұл індетті бірігіп жеңеміз деген сенімдемін. Бүкіл отандастарымызға айтатын нәрсе, үйден қажеттіліксіз шықпай, өз жақындарыңызбен денсаулықтарыңызды сақтаңыздар», – деді зауыттың бас технологы Анар Нұрахметова.

Инфекция ел ішіне таралмай тұрып, одан сақтану мен тоқтату жолындағы қам-қарекет бастапқыда белсенді жүргізілді. Бірақ вирус өршіген сайын жағдай да күрделене түсті. Қаладағы Алматы көпір құрылымдары зауыты ұжыма да бүгін індет кесірінен көз жұмғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Өз кезегінде компания қызметкерлері елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тез арада тұрақталуына тілектестіктерін білдірді.

«Елімізде жарияланған аза тұту күніне байланысты қауіпті індеттен қайтыс болғандарды біздің ұжым да еске алдық. Олардың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Бүгінгі күні еліміздегі ахуалдың мәз емес екені белгілі. Қала тұрғындарын барынша санитарлық талаптарды сақтауға шақырамын», – деді зауыт директоры Шухрат Шардинов.

Қаладағы ірі «Ақсай нан-тоқаш» комбинаты да бүгін ұжым болып 1 минутқа өз жұмыстарын тоқтатты. Өңірдің 70 пайызын нан өнімдерімен қамтып отырған комбинатта бүгінде 1300 қызметкер жұмыс істейді. Ондағы барлық жұмысшылар науқастанып жатқандар тез айығып, елдегі эпидахуалдың тұрақты болуын тіледі. Еске салайық, Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда аза тұту күні осымен 9-рет жарияланып отыр екен.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуыов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров