Бүгінде елімізде эпидемиологиялық жағдай күн сайын күрделеніп жатқаны мәлім. Адамдар арасында індет өршіп, күрт суықтап, тұмауратып жатқандар да артты. Қазіргі ахуалды бағамдау үшін біз Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы басқармасының басшысы Манар Смағұл ханымның пікірін Almaty.tv эфирінде білуді жөн көрдік.
– Манар Асырқызы, әдетте осы уақытта тұмау, пневмония деген сияқты аурулар қозатын бе еді? Бұрынғы кез бен қазіргі жағдайды салыстырып айтуға бола ма? Жұрттың тұмау, пневмония деп жүргені коронавирус емес пе?
– Қайырлы кеш, Өмір! Иә, біздің мына ғылыми орталығымыз жыл бойы осындай тұмау және басқа да вирустық жұқпалардың мониторингін жүргізіп отыр. Бүгінгі күнгі ахуалды ескере отырып айта кету керек, мысалы, басқа вирустық жұқпалардың қоздырғыштары жыл бойы айналымда болады. Сондықтан бүгін басқа вирустық жұқпалар және де тұмау өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бір жарым есеге өсіп тұрғаны байқалып тұр, яғни оған үлес қосып отырған айналымда жүрген коронавирус жұқпасының қоздырғышы болып та табылады.
Ал енді мына пневмонияға тоқталсақ. Онда бұл да жыл бойы тіркелетін аурулардың бірі. Пневмония ойымызда қалыптасып кеткендей, қыс не күзде ғана болмайды.
Бұл жыл бойы тіркелетін. Бірақ пневмонияға қарап отырсақ, оның тіркелуіне байланысты ол да былтырғы жылмен салыстырғанда аурудың, сырқаттың өсуі де байқалып отыр. Бұл пневмонияға себепкер болатын қоздырғыштарға келсек, коронавирус қоздырғышынан басқа жыл сайын айналымда жүретін басқа вирустардың қоздырғыштары, олар: аденовирус, бокавирус, ринавирус сияқты және де басқа микроорганизмдар, олар стрептококк та болуы мүмкін, пневмококк та болуы мүмкін. Жыл сайын тіркелетін аурулардың бірі – пневмония.
– Эпидемиологиялық жағдай алдағы уақытта қандай болмақ? Халыққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Эпидемиологиялық ахуалдың бүгінгі күні өзіміз күрделендіріп отырғанымызға куә болып отырмыз. Егер де біз карантин шараларын мұқият, қатаң сақтамасақ, бұл эпидемиологиялық жағдай ары қарай да күрделене беруі мүмкін. Сол себептен осы эпидемиологиялық процесстің тізбесін үзу үшін осы карантин шаралары енгізіліп отыр. Індет жарияланғаннан бері басты айтып келе жатқан шараларды мұқият ұстап, арақашықтық сақтау, бетперде тағу, қол гигиенасын сақтау, көп адамдар баратын жерге бармау. Енді жүз пайыз сақтанбасақ та, осы жұқпаны жұқтырмауға өзінің тиімділігі бар. Себебі бұл жұқпаның нақты спецификалық алдын алу шаралары жоқ. Жоқ болғандықтан, осындай не спецификалық дейміз ғой, сондай шараларды біз мұқият қолдануымыз қажет.
– Уақыт бөліп, пікір білдіргеніңізге рахмет!