Жамбыл облысында аудандық аурухананың бас дәрігері пневмония жұқтырып, ем алып жатқан науқастың заң алдында жауап беруін қалайды. Неге? Провизорлық стационардың емделушісі бірнеше күн бұрын «көрші палатада адам өлді, тәулік бойы қараған маман жоқ» деп даулы видео жариялаған. Онымен қоса «науқастарға жағдайдың мүлдем жасалмағанын» айтқан. Ал, бұл ақпаратты емхана басшылығы жоққа шығарып отыр. Шын мәнінде ондағы жағдай қалай? Бір-бірін сотқа тартқандардың мәселесін Almaty.tv тілшісі Мерей Бает анықтап көрген еді.
Даулы оқиға желіге таралған видеодан басталған. Өкпенің қабынуы диагнозымен Байзақ аудандық ауруханасында жатқан науқастар, жағдайдың мүлдем жасалмағанын айтады. Ең сорақысы көрші палатадағы 44 жастағы науқас тәулік бұрын көз жұмса да, қараусыз қалғанын жеткізген. Бұған іле-шала мына бейнелер де аудан әкімдігінің парақшаларына жарияланды.
Жағдайды білмекке аудандағы ауруханаға арнайы бардық. Мұндағы дәрігерлер емнің тиісті дәрежеде жүргізіліп жатқанын жеткізді. 1 шіледеден бастап мекемеге облыс бойынша 105 пациент қабылданып, қазіргі таңда 120 адам коронавирус пен қатар пневманиядан емделіп жатыр. Тиісті препараттың бәрі жеткілікті дейді. Ал, даулы видеодағы адам өлімін мұндағылар растап отыр. Пневмониядан қаза болған науқасты апарар мәйітхана ауданда жоқ көрінеді. Ал, туыстары жерлеу жерін дайындап алғанша, мәйіттің ауруханада бола тұруын сұрапты.
«Аудандық орталық ауруханада мәйітхананың жоқтығынан, біз өзіміз санэпинрежим бойынша өңдеу жасап, орап туыстарына береміз. Сонда ол 3-4 сағат ішінде, мәйіттерді алып кетіп жатыр», – деді Байзақ аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Рыскелді Сапарбеков.
Аурумен арпалысқан дәрігерлерді даттаған видео қоғам арасында біраз наразылық тудырған болатын. Ал, ауру алқымнан алғанда мұндай керағар әрекеттер «медицина мамандарын қолдау емес, қорлау» дейді мекеме басшысы. Сондықтан бас дәрігер аталған видео авторын сотқа беріп, заң жүзінде жауапқа тартпақ. Айта кетейік, жалпы жалған ақпарат таратып, елдің үрейін туғызғандар заң алдында жауапқа тартылатын болады.
Мерей Бает, Мейіржан Ерболатов, «Алматы» арнасы, Жамбыл облысынан