Жасы ең үлкен науқас 80 жаста: Алматыда КВИ жұқтырған науқастардың жүрегіне ота жасалды

12.08.2020 01:20

Бұл туралы қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Алмат Қодасбаев онлайн сұхбат беру кезінде мәлімдеді

inform.kz

Коронавирус індетін жұқтырған 14 науқас Алматыдағы кардиологиялық орталықтан ем-дом алып, жазылып шықты. Оларға коронарография, стенттеу, кардиостимулятор орнату оталары жасалып, науқастар профильді медициналық ұйымдарға ауыстырылған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Алмат Қодасбаев онлайн сұхбат беру кезінде мәлімдеді. Ол пандемия жағдайындағы кардиологиялық орталықтың жұмысы туралы баяндай келе, соңғы 4 күнде жаңа түскен науқастардың ішінен коронавирус індетімен ауратындардың анықталмағанын айтты. Бұған карантин талаптарын, қауіпсіздік ережелерін сақтаудың нәтижесінде қол жеткізілді дейді орталық басшысы.

«Коронавируске қарамастан, коронарография және стентирование операцияларын жасадық. 4 науқасқа жүрек ырғағының бұзылуына байланысты аритмиялық операциялар жасалды. Ол науқастардың жасы 63-тен асқан. Жасы ең үлкен науқас 80 жаста. Оған кардиостимулятор аппараты қойылып, жағдайы жақсарғаннан кейін инфекциялық ауруханаға ауыстырылды», –  деді қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Алмат Қодасбаев.