Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы екпе егу басталды

29.12.2020 01:21

Бас дәрігер екпе басталған осы екі күнде де жағымсыз реакциялар немесе асқынулар байқалмағанын алға тартты

Фото: ашық дереккөзден

Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина салынып басталды. Алғашқылардың бірі болып, облыстың әкімі Бердібек Сапарбаев өзі алды. Ондағылар он күнде мыңнан аса еріктіге екпені егеміз деп отыр. Талаптары қандай? Оқыс жағдай бола қалса кінә кімнен болмақ? Almaty.tv тілшісі Мерей Бает жағдайды баяндайды. 

Тараз қаласындағы көпсалалық қалалық ауруханада ашылған орталық, осылайша екі күннен бері еріктілерге екпе егуді бастап кетті. Арнайы мекемеге ағылған қала тұрғындарынан алдымен анализдер алынып зерделенеді. Вакцина ковидпен ауырғандар мен денсаулығы қарсы көрсеткіш көрсеткендерге салынбайды. Бүгін мекемеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келіп жұмысымен танысты.

«Достарыңызға, туысқандарыңызға, ағайындарыңызға айтыңыздар денсаулығың, өмірін ойласа тапсыру керек деп. Көрмейсіздер ме індет әлі тоқтаған жоқ. Күннен күнге көбейіп жатыр. Одан сақтанудың бір ақ жолы бар ол екпе алу. Екпе алмаса болмайды», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Қордайда орналасқан биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында әзірленген QazCovid-in вакцинасына клиникалық зерттеудің үшінші кезеңі өтуде. Денсаулық сақтау департаменті бірінші және екінші кезең барысында 244 қазақстандық тестілеуге тартылғанын, олардың барлығында сәтті өткенін жеткізді. Бас дәрігер екпе басталған осы екі күнде де жағымсыз реакциялар немесе асқынулар байқалмағанын алға тартты.

«Вакцинаның ешқандай теріс әсері асқынулар болған жоқ. Олар вакцина жасағаннан кейін қосымша 2 сағат осы жерде дәрігерлердің бақылауында болады. Одан кейін осы иммунитеттің пайда болуы болмауы мәселесі туралы белігілі бір уақытта қайтадан келіп тексерістен өтетін болады», – деді Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Дәрігерлер нәтиже жақсы болса, QazCovid-in кең көлемде шығарылып, Қордайдағы зауыттың өнімділігі артады дейді. Облыс ақ халаттылары 10 күннің ішінде мың адамды қамтымақ. Вакцина алам деушілерге мекеме есігі таңғы сағат сегізден бастап ашық.

Мерей Бает Шыңғысхан Кеңесхан «Алматы тв» Тараз