Тағайындалған ем-шараға қарамастан әйелдің жағдайы нашарлаған соң, 23 шілдеде кесарь тілігі арқылы нәрестені аман алып қалған
Алматы облысы Есік қаласында 4 бала жетім қалды. Олардың ата-анасы вирусты пневмония жұқтырып, бірінші әкесі, кейін анасы бір айда жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Көз жұмған келіншек ауруханаға 4-перзентіне аяғы ауыр болып түсіп, дәрігерлер баланы аман алып қалыпты. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Османовтар әулетінде қаралы жағдай шілде айынан бері үзілмей келеді. Алғашқыда ұлдары Диас Османов ауруханаға өкпесінің 12 пайызы зақымданған күйінде түскен еді дейді туыстары. Алайда 1 шілдеде сырқаттан қайтыс болған. Артынша бұл кеселмен 7 айлық балаға аяғы ауыр келіні Гүлназ Османова да жұқтырған.
«Жөтелім бар деп, белім ауырып жатыр деп барған. Тамағым ауырып жатыр деп барған еді. Компьютерден көрген соң айтты. Қабыну бар. Вирусная этиология матового стекла деп. Одан Гүлназға хабарластық. Ауруханада жата бермей КТ түсір деп. Онікі 35 пайыз көрсетті», – деді Марқұмдардың туысы Камила Османова.
Тағайындалған ем-шараға қарамастан әйелдің жағдайы нашарлаған соң, 23 шілдеде кесарь тілігі арқылы нәрестені аман алып қалған. Бірақ 4 күн өткен соң, Гүлназ Османова қайтыс болады. Ал, дәрігерлер ұлының өкпесі 70 пайызға зақымданғанын айтуда.
«Жолдасы 15-і күні біздің ковид бөліміне түсті. Өкінішке қарай, емдеу шараларының жасалуына қарамастан 1 тамыз айында көз жұмды. Ерлі-зайыптылар ауырғанға дейін еш вакцина алмаған. Вакцина алған кезде мұндай қайғылы жағдай болмас еді деп ойлаймын», – деді Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Дидар Айтжанов.
«Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасына ауыр халде жеткізілген болатын. Оларға коронавирус инфекциясы, пневмонияның ауыр түрімен байланысты диагнозы қойылды. Клиника дәрігерлері барлық жетекші мамандардан кеңес ала отырып, пациенттердің өмірі үшін 4 апта бойы күресіп, диагностикалық іс-шаралар өткізді. Өкінішке қарай, дәрігерлердің барлық күш жігеріне қарамастан, ерлі-зайыптылар қайтыс болды», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ләйлім Әубәкірова.
Енді Османовтар әулеті аман қалған шақалақты облыс әкімдігінің қолдауымен, құжаты дайын болса, уақытша «Ана мен балалар үйіне» орналастырмақ. Ал, Есік қаласының әкімі қара жамылған отбасыға қолдан келген көмекті аямаймыз деп отыр.
«Балалардың құжаттарын рәсімдеуге ат салысамыз. Бүгінгі таңда комиссия құрылып жатыр. Мынандай жағдайды ешкімнің басына бермей-ақ қойсын. Біздің өзіміз қатаң бақылауда ұстаймын», – деді Есік қаласының әкімі Айдар Бошқұлов.
Жаңа туған сәбиден бөлек, 9, 5 және 4 жастағы балалары қазір туыстарының қасында. Алдағы уақытта немерелерін өзінің атына жаздырып аламын деп отыр әжесі Нұрбану Рақышева.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы