Елде эпидахуал тұрақталып келеді. Алматыда осыдан бір апта бұрын жұқтыру дерегі 2 мыңға жуықтаса, бүгінде індетке шалдыққан 1085 адам тіркелген. Осыған байланысты мегаполисте карантин шаралары жеңілдетілді. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт баяндайды.
Коронавируске байланысты ресми мәліметке сәйкес, қалада індетті жұқтырудың ошақтары әлі де қоғамдық орындар болып тұр. Мәселен, біз жүрген мына Арбатта қайда қарасаң да адамдар өте көп. Себебі мұнда тамақтану орындары мен кәсіптік нысандар бар. Алайда талап бәріне ортақ.
Бүгінде қалада коронавирусқа шалдыққандар саны біршама азайды. Соңғы тәулікте 1085 жағдай тіркелген. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 2 есеге төмен көрсеткіш. Осыған байланысты 4 қыркүйектен бастап карантин шаралары жеңілдетілді. Демалыс күндері шаһардағы кәсіпкерлік нысандары, базарлар мен сауда орталықтары жұмысын жалғастырып, келушілер қатары көбейген.
Соңғы қаулыға сәйкес, бүгінде қалада кез келген нысанға кіру тек қана «Ашық» қосымшасы арқылы жүзеге асады. Қазір біз де өзіміздің мәртебемізді тексеріп көрсек. Міне, менде «жасыл» түс. Яғни, ішке өтуге рұқсат. Сонымен қатар, жұмыс күндері мәртебесі «көк» түсті көрсеткен келушілер де орталыққа кіре алады.
Ал, демалыс күндері тек «жасыл» түсті мәртебеге ие тұрғындардың кіруіне болады. Бұл талап сол орталықтың қызметкерлеріне де қатысты. Мұндай шешім көпшіліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, дейді қала халқы.
«Мен өзім вакцина салдырғанмын. Сондықтан ешқандай қорқыныш жоқ. Салдырған адамдар үшін, әрине, қатаң болғаны дұрыс», – деді қала тұрғыны Аяулым Алтынбек.
«Меніңше, карантин шараларының жеңілдетілгені дұрыс. Халыққа да, кәсіпке де тиімді. Бірақ бұл ұзаққа созылмайтын сияқты», – деді қала тұрғыны Денис Косов.
Шағын және орта кәсіп иелері бұған дейін біраз шығынға батқанын айтады. Демалыста базарлар мен орталықтардың жабық болуы қала тұрғындарына да ыңғайсыздық тудырыпты. Ал, карантиннің босаңсуы бизнеске қолдау болды дегенді алға тартады кәсіпкерлер.
«Демалыста жұмысымызға рұқсат бергеніне қуаныштымыз. Қазір карантин талаптарын қатаң сақтаймыз. Келушілер мен қызметкерлеріміз тек «Ашық» қосымшасымен кіреді. Мәселен, өткен аптада 4 рет «қызыл» мәртебесі бар азаматтарды орталыққа өткізбедік», – деді сауда орталығының президенті Сергей Иванов.
Осы ретте қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қоғамдық орындардың жұмыс режиміне де өзгеріс енгенін хабарлады. Мәселен, «Ашық» қосымшасын пайдаланатын нысандар бұған дейін түнгі 22.00-ге дейін істесе, қазір уақыты 2 сағатқа ұзарған.
«Түнгі сағат 00:00-ге дейін істеген осы ашық жүйесінің үздіктерінің режимі түнгі сағат 02:00-ге дейін ұзартылады. 6 қыркүйектен бастап, жай күндері де осы талап енгізіледі. Бірақ ол кезде бұл нысандарға «жасыл» мәртебесі және «көк» мәртебесі бар адамдар кіргізіледі», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.
Бүгінде қалада вирус жұқтырғандардың 1050-інде симптомдық белгілер болса, 35-і симптомсыз. Ал, инфекциялық стационарларда 4,5 мыңға жуық науқас ем алып жатыр. Алайда арқаны кеңге салудың уақыты жеткен жоқ. Бейбіт өмірге оралу үшін сақтық шараларын ұмытпай, қоғамдық иммунитет қалыптастыру қажет дейді мамандар.
Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы