Елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін 49 халықаралық рейс тоқтатылды

17.03.2020 18:31

Қазақстанға шетелдіктерді кіргізуге де тыйым салынды

saigez.kz

Бүгіннен бастап енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты Қазақстан азаматтарына шетелге шығуға тыйым салынды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев «Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті жарлығын іске асыру мақсатында көлік саласында қабылданған шаралар туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, елімізде коронавирустың таралуына жол бермеу үшін 49 халықаралық рейс тоқтатылды және 84 халықаралық рейс қысқартылды. 

Мәселен, атап айтсақ, бұрын Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының арасында болған аптасына 34 рейс тоқтады. Бұдан бөлек, Тегеран-Алматы, Нур-Султан - Баку, Франкфурт - Алматы, Франкфурт - Алматы - Нур-Султан, Нур-Султан - Париж бағыттары бойынша бұдан былай әуе кемелері ұшпайтын болды. Эйр Астана және SCAT сияқты қазақстандық және Turkish Airlines, Pegasus Airlines, Fly Dubai, Etihad Airways, Air Arabia, Wizz Air, LOT Polish Airlines, Белавиа сияқты шетелдік әуе тасымалдаушыларының жұмысы да біршама шектелмек. 

Қазақстан азаматтарына бүгіннен бастап шетелге шығуға тыйым салынды. Бірақ бұл шектеу өзге мемлекетке ем-дом үшін баратындарға қойылмайды. Алайда олардың қолында ем шараларын дәлелдейтін құжаттар болуы тиіс. Ал шетелден Қазақстанға кіруге ертерек шығып кеткен азаматтарға рұқсат беріледі. Дәл осындай жеңілдік дипломатиялық қызметтердің өкілдеріне, олардың жанұя мүшелеріне, сондай-ақ әуе кемелерінің қызметкерлеріне берілген. Сондай-ақ, бүгіннен бастап Қазақстанға шетелдіктерді кіргізуге де тыйым салынып отыр.