Елімізде коронавируспен ауырғандар саны ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін – министр

10.07.2020 01:38

Қазақстанда өкпе қабынуына шалдыққандар коронавируспен ауырғандардан 2-3 есе көп

kt.kz

Қазақстанда өкпе қабынуына шалдыққандар коронавируспен ауырғандардан 2-3 есе көп. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді. Оның айтуынша, шынайы көрініс болуы үшін деректерді сайтта немесе ақпарат көздерінде жариялау жоспарланып отыр. Алайда министр елімізде коронавируспен ауырғандар саны да ресми деректен әлдеқайда көп болуы мүмкін деген болжамын жасырмады. Қауіпті дерттің қарқыны азаймауына байланысты елімізде карантин мерзімі ұзартылуы мүмкін бе? Дәрі-дәрмек жетіспеушілігі мәселесі қашан және қалай шешімін табады? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Еліміз денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өкпе қабынуына шалдыққандар мен осы аурудан қайтыс болғандар туралы мәліметтердің осы күнге неге жарияланбай отырғанын түсіндірді. Оның айтуынша, алдымен айрықша назар аудару мен бақылауды қажет ететін мұндай респираторлық ауруы бар науқастар саны анықталуы тиіс. Яғни, өкпе қабынуы және коронавирус инфекциясы толықтай тіркеуге алынады. Бірақ тест арқылы ресми нақтыланғандар саны тіркеледі.  

«2020 жылдың соңғы алты айында өкпе қабынуы бойынша 1 172 өлім-жітім тіркелді. 2019 жылдың алты айында 1 780 адам қайтыс болған еді. Бұл – жалпы сипаттағы өкпе қабынуы. Толықтай алғанда, биыл өкпе қабынуына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға жоғары болып тұр. Қазір біз өкпе қабынуына байланысты сараптама жасамақпыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Ал елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы түйткілінің түйінін тарқату үшін препараттарды Үндістан мен Ресейден жеткізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге Өзбекстаннан 2 миллионнан астам маска мен медициналық қолғап жеткізілген.

«Бүгін екі жүк борты Ресейге ұшады. Онда біз қажет дәрілерді елге жеткізу үшін қазақстандық компанияларға көмектесеміз. Яғни қазіргі таңда нарықта шу тудырған дәрілерге қатысты мәселені осылай шешпекшіміз. Сондай-ақ, біз ертең Үндістанға жүк бортын жіберуді жоспарлап отырмыз. Ол жақтан нарыққа қажет препараттар аламыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Алайда әлеуметтік желілерде Қатар елінен гуманитарлық көмек ретінде келген препараттар дәріханаларда сатылып жатыр деген жазба жарияланған болатын. Денсаулық сақтау министрінің орынбасары  Людмила Бюрабекова аталған елден дәрі жеткізілмегенін айтып, тек жеке қорғаныш құралдары гуманитарлық көмек ретінде берілді деп отыр.

«Иә, Facebook әлеуметтік желісінде осындай жазба жарияланды. Онда Qatar Airlines деген жазуы бар қораптарды көргені жазылған және мұны Қазақстан Республикасына келген гуманитарлық көмек деп болжаған. Сол көмек сатылып жатыр деп ойлаған. Иә, негізінде Қатардан гуманитарлық көмек келді. Ол әзірше бірыңғай дистрибьютерде сақтаулы. Бізге жеке қорғаныш құралдары: костюмдер, көзәйнектер, маскалар, бахилдар жеткізілді. Дәрілік заттар келген жоқ. Заттарды таратуға біраз уақыт кетті. Себебі бұл өнімдердің сапасын растайтын құжат болмады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бюрабекова.

Сондай-ақ, елімізде 1 400-ге жуық дәрігер мен 1700-ге жуық орта медициналық қызметкер жетіспейді. Айта кетейік, бүгінгі таңда эпидемияға қарсы іс-шараларға 46 мың медицина қызметкері, оның ішінде 9 мың дәрігер жұмылдырылған. Денсаулық сақтау министрлігі әріптестеріне қиын қыстау заманда көмек көрсетулерін сұрап отыр.  

«Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін жұмылдыруға шақырғанымен, бүгінгі күні барлық жеке клиникалар, ведомстволық медициналық ұйымдар мен республикалық ұйымдар көмекке келмей жатыр. Барлық дәрігерлер, әсіресе инфекционистер, пульмонологтар, реаниматологтар бізге жұқпалы провизорлық стационарларда қажет. Олар қабылдау бөлімшелерінде науқастарды қабылдауға немесе негізгі дәрігерлер демалуы үшін кезекшілікке көмектесе алады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Гиният.

Ал, карантин мерзімінің ұзартылуына қатысты ведомство басшысы кез келген бағалау инкубациялық кезеңмен, яғни 14 күнмен байланысты болуы керек екенін атап өтті. Дәлірек, карантиннің қажеттілігі екінші аптаға қарай, не болмаса министрлік жүргізген бағалау нәтижесінен кейін білгілі болады.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы