Бір айдан астам уақыт үйіне бармаған ақ халаттылардың ішінде Айгүл Малайсаримова да бар
Елімізде қауіпті індет жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Өкініштісі де сол, науқастар дертінен айықпайынша, дәрігерлердің жұмысы да күшейтілген тәртіпте қала бермек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір айдан астам уақыт үйіне бармаған ақ халаттылардың ішінде Айгүл Малайсаримова да бар. Ол қоғамның амандығы мен саулығы үшін ауруханаға қонуға кейде мәжбүр боламын дейді.
«Ауруханаға түскен науқастарға психологиялық тұрғыда көмек көрсетеміз. Оларға кірген кезде бізде үрей болмайды, өйткені үстімізде қорғаныс киімі болады. Ол біздің тікелей міндетіміз. Осы уақытқа дейін отбасымызбен тек телефон арқылы сөйлесіп, амандығын біліп тұрдық. Сіздерден сұрайтынымыз карантин ережелерін сақтаңыздар», – деді Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының мейірбикесі Айгүл МАЛАЙСАРИМОВА.
Бүгінде дәрігерлер үшін ішетін ас, қонатын жер, жүріп-тұруларына көлік те ұйымдастырылып, барлық жағдай жасалған. Арнайы үстемақыға да қол жеткізген жандардың айтар алғысы көп. Ал, көпшілік медицина мамандарына ризашылығын білдіруде.