Ержан Бабақұмаров бейне кездесу режимінде алты ірі зертхана басшылығымен кездесу өткізді

20.04.2020 01:39

Бүгінде Алматыда шамамен 45 мың тест алынды

Ержан Бабақұмаров COVID-19-ға тест алатын Алматының алты ірі зертханасының басшылығымен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша шаһар басшысының орынбасары Ержан Бабақұмаров бейнекездесу режимінде Алматының алты ірі зертханасының басшылығымен жұмыс кеңесін өткізді. Бұл COVID-19-ға тест алатын Алматының алты ірі зертханалары. Олар Ұлттық сараптама орталығы, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы, М. Айқымбаев атындағы қазақ аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, Орталық референс-зертхана, сондай-ақ Қазақстан-Корей клиникасы мен «Олимп» КДЗ.

Бұдан өзге мегаполис тұрғындары үшін тестілеудің қолжетімділігін, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жеделдігін, оның ішінде нәтижелерді ұсыну тәртібі мен мерзімдерін одан әрі арттыру мәселелері талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары зерттеу материалын алумен айналысатын медициналық бригадалардың еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және зертханалардың ақпараттық жүйелер интеграциясы арасында жұмысты өзара үйлестіруді күшейту міндеттерін белгіледі.

«Біздің міндетіміз – тестілеу арқылы инфекцияның жасырын ошақтарын жедел және дер кезінде анықтау, оларды уақытылы оқшаулап, қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың жағдайын одан әрі бақылауды қамтамасыз ету», деген Ержан Бабақұмаров мемлекеттік және мемлекеттік емес зертханаларға қаламен бірлесіп жасап жатқан жұмыстары үшін алғысын білдірді.

Бүгінде Алматыда шамамен 45 мың тест алынды. Солардың ішінде 29 мыңы ПЦР тест және 16 мыңы экпресс-тесттер.