Алматыда өкпені жасанды желдендіретін аппарат пен КТ құрылғылары көбейеді

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өкпені жасанды желдендіретін аппарат пен компьютерлік томаграфия құрылғылары көбейеді. Ал қалада пневмония белгілері болмаса да компьютерлік томография жасатқысы келетіндер саны көбейген. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров мәлімдеді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Мамандардың сөзінше, қазір Алматыдағы жұқпалы аурулар стационарларына күнделікті 100-ден астам адам келіп түседі. Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше инфекциялық ауруларды емдейтін мұндай мекемелердің жүктемесі 85 пайызға жетіп, толыққанды жұмыс жасап жатыр. Жағдайды толық бақылауда ұстау үшін емдеу орындарының көлемін ұлғайту жоспарланған.

«Қала әкімдігі КВИ науқастарын емдеу үшін төсек-орындардың көп мөлшерде ашуға үлкен көңіл бөлуде. Біз бос орындардың бар-жөғына талдау жасап көрдік. Жұқпалы және уақытша ауруханалардың сыйымдылығын кем дегенде екі есеге көбейту және төсек-орын санын 4000 орынға дейін көбейту міндетін алдымызға қойып отырмыз. Қаладағы жұқпалы кереуеттердің бастапқы саны 500 төсектен аспады. Қазір бұл көрсеткіш төрт есеге көбейіп, шамамен 2000 орынды құрайды, болашақта ол бастапқы саннан 7 есе көбеймек», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Қамалжан Надыров.

Ал бүгінде өкпені жасанды желдету аппараттарына барлығы 26 адам қосылған. Басқармадағылар қазір ондай құрылғылар стационарларда жеткілікті дейді. Медициналық ұйымдарда жалпы 573 өкпені жасанды жетдедетін құрал бар. Бұдан бөлек алдағы уақытта осындай аппараттың 18 данасы пайдалануға берілмек. Тағы 20 құрылғы жедел жәрдем көліктеріне орнатылады. Сондай-ақ, Қамалжан Надыров компьютерлік томаграфияға тек пневмония белгілері болғанда ғана түсу керектігін ескертті.

«Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кеуде тұсын компьютерлік томаграфияға түсіріп жатқан адамдардың артқаны байқалып отыр. Біздің ауруханада сондай екі аппарат бар. Адамдарды тәулік бойы қабылдап жатырмыз», – деді № 7 қалалық клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Галина Баталова.

Қаладағы ақылы клиникаларға да пациенттер жиі келетін болған бұл күнде.

Бұл – жекеменшік клиникаға қазір күніне шамамен 200-ден астам адам компьютерлік томаграфияға түсу үшін келеді екен. Мұндай адам ағыны соңғы 10-15 күнде күрт өскен.  Ал бұрын бұл медициналық қызметті күніне тек 100-ге жуық адам алатын дейді мұндағы мамандар.

«Иә, келушілердің арасында өздерінде жөтел, ентігу сияқты белгілері бар адамдар жиі компьютерлік тамография жасайды. Қазір бұрынғыға қарағанда келіп тексеріліп жатқан пациенттердің көбейгенін байқаймыз», – деді жекеменшік зертханалық орталықтың өкілі Қасым Сейітқұлов.

Қала бойынша аталған қызмет көрсетушілер саны – 12. КТ қызметтерін жеткізушілер коронавирус инфекциясы диагнозы расталған пациенттерді қабылдау жұмыстарының бөлек кестесін және ауру белгілері ұқсас пациенттерге арналған жеке уақытты белгілеп қойған. Сондай-ақ, үш ай ішінде КТ аппаратын Қалалық балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы және медициналық жедел-жәрдем көрсету ауруханасына жеткізу жоспарланып отыр.  

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы


Новости партнеров