Алматының Бостандық ауданында астыртын жұмыс істеп келген компьютерлік клуб әшкереленді

almaty.tv
almaty.tv
Бостандық ауданында соңғы екі аптаның ішінде 201 ШОБ нысаны тексерілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бостандық ауданында соңғы екі аптаның ішінде 201 шағын және орта бизнес нысаны тексерілген. Карантин талаптарының сақталуын қадағалау үшін аймақта 2 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Ең жиі бұзылатын талап –

дәмханалардың шектелген уақытқа қарамай, яғни түнгі 23.00-ден кейін жұмыс істеуі. Ал кезекті рейд шарасы барысында қандай заңбұзушылықтар анықталды? Елу орындық компьютерлік клуб карантин басынан бері қалай жасырын жұмыс жасап келген? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.

Мониторинг барысында астыртын жұмыс істеп келген компьютерлік  клуб әшкереленді.  Ал заңнама бойынша аталған нысанның жұмысына тыйым салынған. Мекеме осы уақытқа дейін есігін ішінен құлыптап, жарығын сөндіріп, тек тұрақты келушілерді қабылдап келген. Сағат түнгі 00.00-ге таяса да ғимарат ішінде 30-дан аса жасөспірімнің отырғаны анықталды. Олардың барлығы дерлік кәмелеттік жасқа толмаған.

Одан өзге, мекемеде санитариялық талаптар мүлдем сақталмаған. Атап айтқанда, нысанның кіреберісінде келушілер термометриясы жүргізілмейді. Орындықтардың арасында арақашықтық жоқ, келушілердің барлығы бетпердесіз отыр. Нысанның ісі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жіберіледі.



Сағат қазір 00:25-ті көрсетіп тұр. Ал мына дәмхана карантиндік шектеулерге қарамастан әлі де жұмыс істеуде. Нысан ішінде келушілер отырмаса да, қызметкерлердің тамаққа тапсырыс қабылдап жатқаны анықталды.

Айта өту керек, бұл дәмхана қызметкерлеріне жасалған алғашқы ескерту емес. Қала орталығында орналасқан мекеме қызметкерлері осы уақытқа дейін бас санитардың қаулысын аяқ асты етіп келген. Енді заң бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылады.

«Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын-алу мақсатында Бостандық ауданында 2 мониторингтік топ құрылған. Олардың құрамында аудандық әкімдік және «Атамекен» кәсіпкерлік ұлттық палатасының өкілдері, сондай-ақ санитария мамандары мен тәртіп сақшылары кіреді. Ал бүгінгі анықталған заңбұзушылық фактілері бойынша полиция қызметкерлерімен хаттама толтырылды. Енді олардың ісі жауапты мамандарға беріледі», – деді Бостандық ауданы кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Нұрхан Жақсылықұлы.

Шаһарда санитариялық талаптарға байланысты құқық бұзушылық анықталған жағдайда жеке тұлғаларға 83 340 теңге айыппұл салынады. Ал заңды тұлғаларға салынатын айыппұл көлемі 230-дан 1600 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 4 миллион 445 мың теңгеге дейін жетеді.  

Сымбат Ноғай, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров