«Ashyq» мобильді қосымшасын пайдаланатын кәсіпкерлік нысандар жұмысын жалғастыра береді

«Ashyq» мобильді қосымшасын пайдаланатын кәсіпкерлік нысандар жұмысын жалғастыра береді
Алматы «қызыл» аймаққа кіргенімен, кәсіпкерлер өз жұмысын тоқтатпауы үшін жан-жақты жағдай жасалып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы «қызыл» аймаққа кіргенімен, кәсіпкерлер өз жұмысын тоқтатпауы үшін жан-жақты жағдай жасалып жатыр. «Ashyq» мобильді қосымшасын пайдалану арқылы кез келген кәсіпкерлік нысан жұмысын жалғастыра бермек. Сәйкесінше, бүгінде бұл жүйеге қосылғысы келетіндердің қатары көбейген. Оның талаптары қандай? Мобильді қосымшаның көмегіне жүгініп отырғандардың пікірі оң ба? Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы біліп қайтты.

«Ashyq» мобильді қосымшасын пайдалану арқылы жұмысына шектеу қойылған мекемелер есігін қайта ашты. Бас санитарлық дәрігердің жаңа қаулысында осы жүйені қолдана отырып, мекемелер қызмет көрсетуіне рұқсат етілген. Бұл жүйеге қосылғысы келген кәсіпкер infokazakhstan.kz  сайты арқылы өтінім жіберісе, бірер күнде-ақ QR-код ала алады. Кейін кәсіпкерлер палатасына барып тіркелуі шарт. Барлығы ақысыз негізде жүзеге асырылады.

«Бұл мобильді қосымша Денсаулық сақтау министрлігінің базасымен интеграцияланған. Барлық ақпарат әр жиырма минут сайын жаңарып отырады. Сондықтан да кімде-кім індетті жұқтырса немесе сондай науқаспен контактіде болса, бәрі бірден мобильді қосымшада көрініп тұрады. Бұл – жалпы халықтың арасындағы індеттің таралуына тосқауыл болады деген ойдамын», – деді  қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева.

«Ashyq» мобильді қосымшасында төрт түрлі түс бар. Оның әрқайсысы ПТР сараптамасының бар-жоғын, науқастармен қарым-қатынаста болып-болмағанын көрсетеді.

Бұл фитнесс клубқа келушілердің барлығы алдымен «Ashyq» мобильді қосымшасы арқылы өзінің статусын тексеруі керек. Ол үшін мекеме кіреберісіндегі QR-кодты сканерлейсіз. Қосымша әп-сәтте-ақ сізге жауабын береді. Мәселен, міне, менде көк жанды. Демек, мен індеттен дін аманмын. Енді мұны мекеме қызметкерлеріне көрсетіп, ішке кіруге рұқсат алуымызға болады.

Бұл фитнес орталығының қызметкерлері мобильді қосымша денсаулыққа төнетін қатерді азайтады деген сенімде. Әртүрлі адамдар келетіндіктен мұнда індетті жұқтыру қаупі жоғары екені белгілі. Енді қаладағы эпидахуалға байланысты жұмысымыз тұралап қалады деп алаңдамайтын болдық дейді орталық әкімшісі.

«Біз «Ashyq» мобильді қосымшасы енгізілген кезеңнен бастап қолдаймыз. Бұл біздің фитнес клубқа жұмыс жүргізуге өте ыңғайлы. Себебі біз коронавируспен ауратын кісілерді кіргізбейміз», – деді фитнес орталығының әкімшісі Айжан Қалиева.

Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша «Ashyq» мобильді қосымшасына 17 қызмет көрсету саласы ұйымы, 10 қоғамдық тамақтану орны, 15 компьютерлік клуб пен 4 боулинг орталығы жүгініп отыр.

Жанар Ғаниқызы, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров