Қандай жағдайда жедел жәрдемге хабарласқан жөн?
Дәрігерлер алматылықтарды өздігінен ем қабылдамауға шақырады. Науқас өзінің жай-күйін бағалап, егер ауру жеңіл түрде өтсе, учаскелік терапевтке жүгіне алады. Егер демі қысылып, дене қызуы түспей қойса, бірден жедел жәрдем шақыру қажет. Жалпы симптомдары бір-біріне ұқсас тұмау мен коронавирусты қалай ажыратамыз? Қандай жағдайда уақыт жоғалтпай жедел жәрдемге хабарласқан жөн? Алгоритм жайлы Almaty.tv тілшісі жалғайды.
Бастың ауруы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, бұлшықеттің ауырсынуы, сұйық нәжіс, аяққолдың қақсауы – бұл белгілер тұмау кезінде де көрініс табады. Қазір ауруханаға тек ауыр халдегі науқастар жатқызылады. Ал сырқаты жеңілдер үйде емделсе де жеткілікті. Тек учаскелік терапевтпен үнемі байланыста болған жөн. Жіті респираторлы вирусты инфекция кезінде де оқшаулану керек. Қоғамдық орындарға бармай, жеке бастың гигиенасын сақтау қажет.
«Осы жағдайда өзінің дене температурасын өлшеп, 38,5-тен жоғары болған жағдайда және де тыныс алуының жиілігі 24-тен көп болған кезде және пульсоксиметрия бойынша өлшегенде 95-тен жоғары болса, осы кезде өзіңіздің тіркелген учаскелік терапервтке хабарласып, осындай симптомдарды айтуыңызға болады. Онлайн консультация деген бар. Ол үшін тіркелген ауруханаға DamuMed арқылы онлайн консультацияға жазыласыз», – деді № 18 қалалық емхананың терапевті Назира Оңалбаева.
Жалпы коронавирус үш жеңіл, орташа және ауыр түрге бөлінеді. Егер науқаста жеңіл түрі болса, тиісті ем тағайындалып, емхана бақылауға алады. Симптомсыздарда да үй жағдайында емделеді. Ал орташа және ауыр жағдайда 103-ті шақырған жөн. Жедел жәрдем оларды профильді стационарға апарады. Бірақ екі жағдайда да дәрігерлер иммунитетті көтеруге кеңес береді.
«Үйде жатқан кезде көп сұйықтық ішу. Дене қызуын түсіру үшін парацетамол дәрілерін ішу және дене жаттығуларын және тыныс алу гимнастикасын жасау қажет. Ішпен жатып ұйықтау қажет. 60 жастан асқан адамдарда көбіне қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары, бүйректің созылмалы аурулары, жүректің ишемиялық аурулары болады. Сол кезде иммунитет әлсіреген жағдайда осы симптомдар байқалуы мүмкін. Ол кісілер негізгі ауруларын емдеуді жалғастырады», – деді № 18 қалалық емхананың терапевті Назира Оңалбаева.
8 727 3000 505
Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда 3000-505 нөміріне хабарласуға болады.
Жадыра Омаржан, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы