Алматыда дезинфекциялық жұмыстарының 12-кезеңі басталады

Almaty.tv
Almaty.tv
Залалсыздандыру шаралары осымен екінші ай жүргізіліп жатқандықтан, қала жұртшылығы бес сағат үйден шықпау керегін жақсы біледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда дезинфекциялық жұмыстарының 11 кезеңі аяқталып, ертең  12-кезең басталады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қазір коронавирус табылған тұрғын үйлерді дезинфекциялау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауру ошағы саналатын орындарда санэпидемиология қызметінің мамандары, ал басқа тұрғын үй кешендерінде клинингтік компания өкілдері таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыс істеп жатыр. Олардың қауіпсіздігі жіті бақылануда.  

«Мұндай жерлерге арнайы дайындықтан өткен, сертификаттары бар санитарлар ғана жіберіледі. Олар арнайы қызметтік костюм, қолғап және бетпердемен қамтамасыз етілген. Қазір жеті бірдей ауру ошағында жұмыс істеп жатырмыз. Мына біз дезинфекциялап жатқан үйден бүгін күзет алынып, тұрғындар қалыпты өмірге оралады. Бірақ, Жетісу ауданындағы біздің аумақта әлі алты ошақ бар. Әдетте заласыздандыру жұмыстары аптасына екі мәрте жүргізілсе, мұндай ошақтарда күнделікті тазаланады», – деді клинингтік компания өкілі Ерасыл БІЛӘЛОВ.  

Әр дезинфекциялау жұмыстары басталмас бұрын тұрғындар алдын ала хабардар болады. Залалсыздандыру шаралары осымен екінші ай жүргізіліп жатқандықтан, қала жұртшылығы бес сағат үйден шықпау керегін жақсы біледі.

Бес қабатты үйдің бір подъездін залалсыздандыруға құрамында сульфат бар 16 литр сұйықтық кетеді. Мамандардың сөзінше оның адам денсаулығы мен үй жануарларына, сондай-ақ қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Әр подъезді тазалауға шамамен 20 минут қажет. Мұндай кестеге тұрғындар үйреніп те қалған. Тынбай жұмыс істеп жүргендерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді.  

«Дезинфекция жасап жүрген жігіттерге көп-көп рахметімді айтамын», – деді қала тұрғыны Саят ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ.

Бүгінгі күні ауру ошағы саналатын көп қабатты үйдің 77-ісіне тұрақты дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол үшін әрқайсысының құрамында жиырма маманы бар жеті бригада еңбек етеді. Олар осы аптада 11 кезеңді аяқтаса, карантин соңына дейін 16-сы жоспарланып отыр. Ал ертеңнен бастап мамандар 12-кезеңге аяқ баспақ.

Қуан Нұрақын, Рашид Шүкірәлиев,  «Алматы» арнасы

Новости партнеров