Жаппай вакцинация: Алматыда екпе егу пунктерінің санын 200-ден асыру көзделген

30.03.2021 01:57

Қала билігі коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцинациялауға дайындалып жатыр

ашық дереккөзден

Алматы билігі коронавирус індетіне қарсы жаппай вакцинациялауға дайындалып жатыр. Бұл туралы шаһар басшысы Akimat live бағдарламасында мәлімдеді. Соған сәйкес қазір қалада екпе егу орындары қарастырылып, мобилді бригадалардың жұмысы пысықталуда. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев дүйім жұртты жаппай вакцинациялауға түсіністікпен қарауға шақырды. Екпе жасатудың артықшылықтары мен кемшін тұстарын дәрігерлер қалай саралайды? Екпе егуге қатысты халықтың пікірі қандай? Almaty.tv тілшісі жалғастырады.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев сәуір айында Алматыға «Спутник V» вакцинасының үлкен көлемі жеткізілетінін мәлімдей келе, бұған сәйкес дайындықтың да тиісті деңгейде басталғанын айтты. Қазір қалада екпе егу орындары дайындалуда. Бұл іске барлық емханалар жұмылдырылатын болады. Вакцинациялау бойынша мобилді бригадалар да жұмыс істейді.

«Алматыға сәуір айында бөлінген квота саны 65 мың болатын. Бірақ күні кеше елдің премьер-министрімен сөйлескенімде, бұл біздегі жұқтыру дерегінің көбеюіне сәйкес аз деп шешілді. Сондықтан квота санын ұлғайтатын болдық. Бұл ретте қазір екпе егу орындары қарастырылып жатыр. Тек емханаларда егуді бастасақ, ол жерде кезек пайда болып, аурудың асқынып кетуі әбден мүмкін. Одан бөлек, шет мемлекеттердегі тәжірибеге сүйене отырып, жаппай вакцинациялауға ірі алаңдарды да пайдаланбақпыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.  

«Спутник V» вакцинасы екі компонетті. Оның біріншісі қазірдің өзінде қала бойынша 10 мың 750 адамға егілген. Ал екпенің толық курсын 3 мыңнан астам адам алып үлгерді. Қазір вакцинаның екінші компонентін егу жұмыстары жалғасуда. Екпені өңдеп шығарушылар оның тиімділігін 91 пайызға бағалап отыр, дейді эпидемиологтар.

«Спутник V» вакцинасы екі компонетті саналады. Біріншісі мен екіншісінің құрамы әртүрлі. Біріншісі құрамы бойынша аденавирустың 26-серотипіне кіреді. Ал екіншісі 5-серотипіне кіреді. Сондықтан да біріншісінен соң 21 күннен кейін екіншісін салғызған маңызды. Сондықтан да ауырмай тұрып, аурудың алған дұрыс», – деді орталық қалалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Эльвира Ибрагимова.

Коронавирус індетіне қарсы вакцина салғызуға қатысты халықтың пікірі әрқалай.

«Көмек болу үшін, тезірек емделу үшін вакцина керек қой. Өзім бұрыннан ойлап жүр едім, қашан келеді вакцина деп, қашан жасайды деп. Өзім қарсы емеспін», – деді қала тұрғыны Әлішер Жетпісбаев.

«Қорқамын. Өйткені менің иммундық жүйем оған қарсы тұра алмай қалатын шығар», – деді қала тұрғыны Назгүл Нұртаза.

«Медицинада өзім жұмыс істеймін. Вакцинаны қабылдадым. Ол өте дұрыс деп ойлаймын адамның денсаулығына. Вирус деген өте күшті ғой. Сол себепті вакцина алған дұрыс», – деді қала тұрғыны Бибігүл Дәулетқызы.

Қазіргі таңда қалада 35 екпе егу пунктері жұмыс жасап тұр. Барлық карантин талаптарын сақтай отырып, сәуір айында олардың санын 200-ден асыру көзделіп отыр.

Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы