Алматылық СЭБ мамандары шетелден оралған қазақстандықтардың наразылығына жауап берді

 Almaty.tv
Almaty.tv
Жолаушылар ПТР сараптама нәтижесі болмағандықтан, тест тапсыру үшін 3 сағат күткенін айтып шағымданған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шетелден оралған қазақстандықтар әуежай қызметіне наразы. Олар ПТР сараптамасын елге оралған соң тапсырмақшы болған. Алайда ұзақ күттік, жұмыс бір жүйеге келтірілмеген деп шағым білдіріп жатыр. Жалпы бұл жүйенің тәртібі қандай? ПТР-тесттін қайда тапсырған жөн? Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Бұл – өткен демлыста Халықаралық Алматы әуежайында орын алған келеңсіз жағдай. Шетелден келген жолаушылардың ПТР сараптама нәтижесі болмағандықтан, олар тест тапсыру үшін 3 сағат күткенін айтып шағымданған. Бейнеде ешқандай карантиндік талаптардың сақталмағанын көруге болады. Ал, мамандардың айтуынша, жауапты мекемелер жұмысын тиісті деңгейде жүргізеді. Бұл – 5 минуттық шаруа емес, жолаушылар сабыр сақтаса екен, дейді олар.

«ПТР сараптамасы жоқ жолаушылар үшін қалалық әкімдік арнайы автобустар бөлген, қонақүйлер қарастырылған. Лабораториялар да дер кезінде белгіленген қонақүйге келеді. Бірақ әр борттың жолаушыларын жеке-жеке іріктеуге, оларды автобусқа отырғызуға өте көп уақыт кетеді. Ал халық карантиндік талаптарға бағына бермейді. Жалпы, жүйеде ешқандай ағаттық жоқ деп айтуға болады», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.

Еліміз бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, жолаушылар ПТР сараптаманы еркіне қарай шетелде, не елге орала сала тапсырады. Желтоқсан айынан бастап Алматы қаласына ПТР сараптама нәтижесінсіз ұшып келетіндер саны артқан. Желтоқсанда олардың саны үш мың болса, қаңтарда төрт мың, ақпанда алты мың, наурыздың сегізіне дейінгі аралықтың өзінде екі мың жолаушы тіркелген. Ал жол жүргелі отырғандар ПТР сараптамасын ұшар алдында тапсырған абзал деген ойда.

«Мен Түркияға ұшайын деп тұрмын. ПТР сараптаманы осында тапсырдым. Ұшар кезде, түскен кезде ешқандай қиындық туындамас үшін алдын ала тест тапсыруды ұйғардым», – деді жолаушы Сабина Өмірәлиева.

«Бұл жаққа келіп өткенге қарағанда, өз елінде өтіп келген дұрыс деп ойлаймын. Вирус қалай басталды? Біздің шетелден осы елімізге келу арқылы басталды ғой. Сол сияқты, кім біледі, мына жаққа келген соң тағы сондай шыға ма. Алдын алу ғой бұл деген», – деді жолаушы Сағынбек Нұрбек.

«Тестті рейске дейін тапсырған дұрыс деп ойлаймын. Себебі егер ол кісі ауыратын болса, бізге алып келеді. Ол біздің қауіпсіздігіміз үшін, бізге жұқтырмас үшін», – деді жолаушы Адель Дәуренова.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Алматы қаласына 22 мың жолаушы ПТР сараптамасының нәтижесінсіз ұшып  келді. Оның арасындағы 100 жолаушыдан коронавирус инфекциясы анықталған.

Жанар Ғаниқызы, Рәшид Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы

ГРАФИКА-1:

ПТР сараптамасынсыз ұшып келген жолаушылар саны:

Желтотоқсан айында 3000;

Қаңтар айында 4000;

Ақпан айында 6000;

1-8 наурыз аралығында 2000.

Новости партнеров