Әлемде коронавирусқа қатысты жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр, хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлыбритания билігі елде төртінші дәрежелі қатаң локдаун жариялады. Лонданда вирустың жаңа түрі тарап жатқан көрінеді. Дерт адамнан адамға тез жұғып, қауіптілігі жоғарылап барады. Сондықтан аталған мемлекетте шектеу шаралары қатаңдатылған.
Ал Италияда 24 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін карантин жарияланды. Осы уақыт аралығында дәріхана мен азық-түлік дүкендерінен басқа кәсіпкерлік нысандар жабық болады. Азаматтарға қала арасында қатынауға тыйым салынды.
Сондай-ақ жаһандағы жағдайға зер салсақ, коронавирус жұқтырғандардың саны 77 миллионға жуықтап қалды. Алғашқы бестікте АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Франция тұр.
1 миллион 700 мыңға тарта адам аурудың құрбаны болды. Сондықтан дәрігерлер «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастырған» абзал екенін естен шығармай, дерттің беті қайтқанша шетелге сапарламауға, себепсіз серуенге шықпауға, көпшілік жерде бетперде тағып, әлеуметтік арақашықтықты ұстануға шақырады.