Мегаполисте 32 мониторингтік топ күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда
Алматыда карантиндік талаптарды бұзған тағы 7 мекеменің материалдары сотқа жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мегаполисте 32 мониторингтік топ күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда. Басты міндет — карантиндік шаралардың сақталуын бақылау, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу үшін заңбұзушылық фактілерінің жолын кесу, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Ағымдағы жылдың басынан бастап 1-19 қаңтар аралығында 221 іс-шара өткізілді, 1634 нысан тексерумен қамтылды, 60 нысанда карантиндік шаралардың бұзушылықтары анықталды. 35 хаттама жасалды, оның ішінде заңды тұлғаларға — 2 610 715 тг сомасына 15 хаттама, жеке тұлғаларға қатысты бетперде режимін бұзғаны үшін — 875 100 тг сомасына 25 хаттама.
Бұған дейін сот 19 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты қызметін тоқтата тұру және айыппұл салу туралы шешім шығарған болатын. Бүгінгі күні сотқа 462-баптың 3-бөлігі бойынша қосымша 7 материал берілді:
- Алатау ауданы бойынша — 3 материал: «Жақсылық» дәмханасы, «Центр шашлыка» дәмханасы, «Парваз» дәмханасы (қызметі 1 айға тоқтатылды, айыппұл — 100 АЕК);
- Алмалы ауданы бойынша — 1 материал «Финик» мейрамханасы бойынша;
- Жетісу ауданы бойынша — Ниязов Ж. А. компьютерлік клубына 1 материал;
- Наурызбай ауданы бойынша — 2 материал: «Премьера» дәмханасы, «Таужолы» дәмханасы (қызметін 1 айға тоқтату, айыппұл — 100 АЕК).
Алматы әкімдігі мегаполис тұрғындары мен қонақтарын бетперде режимін және әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауға, жеке гигиена шараларын сақтауға шақырады. Бұл денсаулық сақтау шаралары әсіресе азаматтардың ең осал санаттарына — балаларға, қарттарға, сондай-ақ созылмалы аурулары бар адамдарға қатысты. Сондай-ақ, қоғамдық көліктерде сақтық шараларын сақтау маңызды.
Кәсіпкерлік субъектілері пандемия және ауқымды жұқтырудың жаңа толқыны қаупі кезеңінде қауіпсіздік шараларының талаптарын бұлжытпай сақтауы қажет — бұл қызметкерлер мен келушілердің термометриясы, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимінің сақталуын, жеке қорғаныш құралдарының (бетперделер, қолғаптар) ауысуын, санитайзерлердің және дезинфекциялау құралдары қорының болуын, үй-жайлардың желдетілуін қамтамасыз ету. Жоғарыда аталған талаптардың бұзылуы ұйым қызметкерлері арасында сырқаттанушылыққа және кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға әкеп соғады.
Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов қоғамдық көлікте әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтаудың маңыздылығын, санитайзерлердің болуын атап өтті.
«Қоғамдық көлікте шектеу карантиндік шараларын бұзғаны үшін бетперде режимін сақтамайтын жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл, ал тасымалдаушыларға шағын және орта немесе ірі бизнеске тиесілігіне қарай айыппұл 230 АЕК-тен 1600 АЕК-ке дейін құрайды», — деді С. Байғабылов.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қалалық СЭБД мәліметтері бойынша, мегаполисте 1 қаңтардан бастап коронавирустық инфекция ауруының күн сайын өсуі байқалады. Бүгінгі күні 20 мыңнан астам жағдай тіркеліп, Алматы қаласы «сары аймаққа» енді.