Алматыда кейінгі тәулікте коронавирустан 11 адам қайтыс болды

26.03.2021 01:57

118 науқас жан сақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр

Almaty.tv

Біреулер тығылып көңіл көтерсе, біреулер өмір мен өлімнің арасында жатыр. Бүгінгі мәлімет бойынша Алматыда коронавирус жұқтырған 118 адам ауыр хәлде жатыр. Ал, өткен тәуліктің өзінде 341 адамнан вирус анықталған. Қазір қаладағы 15 медициналық мекемеде 3120 төсек орны Covid-19-ға шалдыққан науқастарға толған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты 15 медициналық мекемеде 5000 төсек орыны жасақталған. Жұқтыру қарқыны өсуіне байланысты бүгінде оның 3 мыңнан астамы науқастарға толы. Қазір 2246 адам емделуде. Бірақ бүгін бір күнде вирустың салдарынан 11 адам көз жұмып, 118-і жан сақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр. Тіпті, вакцина салдырған медицина қызметкері қауіпті вирусқа шалдыққан жағдай да тіркелді.

«Қазір мен өзімді жақсы сезінемін. 11 наурызда ауруханаға түстім. 19-ы үйге шығарды. Ал, коронавирусқа шалдығуымның себебі КОВИД-19 адамға жұққанда 16 күнде инкубациялық кезең жүреді. Осылайша, мен вирусты вакцина салдырмай тұрып жұқтыруым әбден мүмкін. Оған дейін ПТР-тесттін тапсырдым. Нәтижесі теріс болған. Сол кезде вирус ағзама толық тарқап үлгермеген болуы керек», – деді репродуктолог-дәрігер Иван Мельников.

Осылай 1-екпе алған соң, иммунитет қалыптаспағанша қауіпті вирусты жұқтыру мүмкіндігі ықтимал дейді мамандар. Ал, шаһарда жағдайды бақылауда ұстау мақсатында алдағы уақытта мегаполиске Спутник-V вакцинасының жаңа дозалары әкелінбек.

«Ақпан айында 1750 доза, наурыз айында 10800 доза, наурыз айында тағы да қосымша 16200 доза, сәуір айында 65200, мамыр айында 65200 және маусым айында 67000 доза деп бізге белгіленді. Үлкен сауда үйлерінде, кейін үлкен базарларда вакцина салатын кабинеттерді ұйымдастырып, сол жерде вакцина салуға біз дайындалып жатырмыз», – деді Телемедицина орталығының басшысы Лаура Мырзағали.

Ал, қала халқы вирусты жұқтыруды бәсеңдету үшін тек сақтық шараларын ұстану қажет дейді.

БЛИЦ:

- Жақындарыңыз ауырып жаста, сол енді жақсы ма бізге? Ләжі болса, қоғамдық орындарда арақашықтық сақтайық!

- Бүгінді ойламай, ертеңгі күнді ойлау керек сияқты. Балаларын ойлау керек сияқты.

- Көбінесе, жастар ғой. Үлкен кісілер тәртіпті сақтайды. Жастар, санитарлық нормаларды сақтаңдар!

Айта кету керек, мейрам күндері қалада жағдайды бақылауда ұстау мақсатында Қоғамдық денсаулық басқармасында арнайы штаб та құрылды. Бүгінде қалада 35 вакцина салу бөлімшесі жұмыс істейді және 13 мыңға жуық адам вирусқа қарсы екпе салдырған.

Аяулым Көлжігіт, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы