68 адам қомақты айыппұл төлеген
Алматының «қызыл» аймаққа өтуіне байланысты қалалық және аудандық мобильді топтар бірлесіп, қоғамдық көліктер мен адам көп жиналатын орындарда рейд жұмыстарын күшейтіп жатыр. Осыған байланысты Бостандық және Медеу аудандарында жаппай санитарлық ережелердің сақталуы тексерілді. Қала тұрғындары бетперде тағуға қаншалықты мән береді? Almaty.tv тілшісі Мерей Қанапиянов жалғастырсын.
Жұмысын дәл осылай бастаған мониторингілеу тобы, жолаушылар тарапынан карантин ережелерінің қаншалықты сақталатынын анықтау мақстында қоғамдық көліктерді тексерді. Анықталғандай, көбісінде медициналық бетперде бар. Бірақ кейбір азаматтар болса да тақпайтын көрінеді.
«Тақпайтындар да бар арасында. Бірақ біз оларға ескертеміз. Үнемі маска тағып жүріңіздер, өз-өзімізді сақтауымыз керек дегендей ескертеміз. Әр соңғы аялдама сайын дезинфекция жасаймыз», – деді қоғамдық көлік жүргізушісі Абзал Әбдіқадырұлы.
Мамандардың айтуынша, өткен жылдың тамыз айынан бастап бүгінге дейін 15 мыңнан астам жолаушыға ескерту жасалса, мүлде құлақ аспаған 68 адам қомақты айыппұл төлеген.
«Қазіргі таңда қалалық және аудандық әкімдіктер қоғамдық орындарда рейд жұмыстарын күшейтуде. Сонымен қоса, Алматы қаласының «қызыл» аймаққа өтуіне байланысты қоғамдық көліктердегі санитарлық талаптардың қатаң сақталуын бақылап отырамыз. Рейд жұмыстары карантин толық аяқталғанша тоқтамайтын болады», – деді қалалық мобилділік басқармасының бас маманы Дәулет Мұсақажинов.
Одан бөлек Медеу ауданында мониторингтік топ ірі сауда орталықтары мен азық-түлік дүкендерінде арнайы рейд жүргізді.
Тұтынушылар арасында бетпердесіз жүргендер көп. Ескерту жасаудан әбден шаршаған тексерушілер оларды полицияға жеткізіп, әрқайсысына әкімшілік хаттама толтырды. Медеу ауданында осы уақытқа дейін 200-ге жуық адам айыппұл арқалапты. Олардың 137-сі заңды тұлға болса, 67-сі қарапайым қала тұрғындары.
«Бүгінде бізде 4 мобилдік топ жұмыс жасап жатыр. Әсіресе, демалыс күндері түнгі клубтарды, үлкен сауда орталықтары мен мейрамханаларды бақылап, күшейтілген түрде жұмыс жүргіземіз. Алдағы уақытта та дәл осылай санитарлық талаптардың сақталуын тексеріп қатаң бақылауға аламыз», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арман Сапаров.
Қала қызыл аймаққа ауысқандықтан, қадағалау шаралары тек күшейтіле бермек. Бұрыңғыдай ескертумен құтылуға болмайды, дейді тексерушілер. Қоғамдық орында бетперде тақпасаңыз 83 мың теңгені дайындай беріңіз.
Мерей Қанапиянов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы