«Ашықпен» жұмыс істейтін кейбір кәсіпкерлік нысан карантин ережелерін сақтамаған

01.06.2021 в 02:03

Медеу аудандық мониторингтік топ 24-31 мамыр аралығында 320 мекемені тексеріп, 11 занды тұлғаға хаттама толтырған

Алматыда «Ашық» қосымшасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандар карантин ережелерін сақтамайды. Осыған байланысты қалалық штаб пен аудандық мониторингтік топтар күні-түні тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, арнайы бағдарламасы бар мекемелерді аралап, тәртіп бұзғандарды анықтады. Almaty.tv тілшісі  Мерей Қанапиянов айтып берсін.  

Біз қазір қаладағы түнгі мекемелердің біріндеміз. Бұл нысан «Ашық» қосымшасымен жұмыс істесе де, арақашықтық мүлде сақталмаған. Тіпті, іштегі қызметкерлердің өзі маскасыз жүр.

Медеу ауданының тексерушілері өткен демалыс күні «Ашық» қосымшасымен жұмыс істейтін кәсіпкерлік нысандарда тексеріс жүргізіп, карантиндік ереже бұзылғанын анықтады. Мұнда келушілер саны 50 пайыздан асып кеткен. Тіпті, қолдануға шектеу қойылған қор-қорды да байқауға болады. Кейін мамандар анықталған фактілер бойынша мекеме әкімшісіне хаттама толтырды.

«Медеу ауданында үнемі рейд жұмыстары жүріп отырады. Қала тұрғындарына айтарым денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық. Одан бөлек, ауданда 4 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Барлық мекеме біздің бақылауымызда», – деді Медеу аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Арман Сапаров.

Көп ұзамай мониторингтік топқа тұрғындар тарапынан шағым түсіп, сауық кешінің өтіп жатқанын хабарлады. Себебі бұл жерде соңғы уақытта түрлі жиындар көбейіп кетті дейді тұрғындар. Тіпті, қыдырушылар шашқан қоқыстарын жинамай кететін көрінеді.  

«Мұнда әр демалыс күні осындай жиындар болады. Кеш болса бұл жер айқай шуға толы боп кетеді. Өздеріңіз көргендей, барлығы ішімдікке тойып алған. Сондықтан да бұл жерден өтуге балаларымыз түгіл өзіміз де қорқамыз», – деді Медеу ауданының тұрғыны Елдана Рахымжан.

Көп ұзамай тексеруші топ карантин ережесі бұзылғандықтан, демалушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, музыка мен әр жерде жанып жатқан отты өшіріп тастады.  

«Анықталғандай, жеке адам бұл жерді заңды тұлғадан жалға алып отыр. Қазіргі сәтте байланыс жүйесі болмағандықтан, кәсіпкерді табу мүмкін емес. Сонымен қоса, кешті ұйымдастырушылардың да қатысы болғандықтан мұндай жағдайда шешім қабылдау қиынға соғады», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының Медеу аудандық филиалының директоры Самал Орасаева.

Айта кетейін, Медеу аудандық мониторингтік топ  24-31 мамыр аралығында 320 мекемені тексеріп, 11 занды тұлғаға хаттама толтырған.

Мерей Қанапиянов, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы