Қызылорда облысында үш айға жеткілікті дәрілер бір аптада сатылып кеткен. Бұл жөнінде онлайн-брифингте облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова айтты. Оның сөзінше, өңірде вирусқа қарсы препараттар бар. Алайда дистрибьюторлар тарапынан тапсырыста көрсетілген көлем толығымен жеткізілмей жатыр. Ал, Павлодарда дәрігер тапшылығы қалай шешіледі? Қарағанды облысында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеу рәсіміне жарты миллион теңге сұраған ақпарат қаншалықты расталды? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбектің сюжетінде.
Қызылорда әкімінің айтуынша, тұрғындар арасында дәрі-дәрмек бағасының ретсіз өсуіне байланысты шағым көбейген. Сол себепті препараттардың бағасын тұрақтандыру үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мониторингілік топ құрылған.
«Мысалы, облыста 3 айға жеткілікті дәрілер 1 аптада өтіп кетті. Салдарынан ем алушыларға дәрінің жетіспеушілігі туындады. Бұл мәселе тек біздің өңірде емес, жалпы республикада кездесіп отыр. Дәріханаларға дәрілік заттар бойынша күнделікті қажеттілікке және халықтың сұранысына қарай тапсырыс берілуде. Сонымен қатар, облыстық медициналық стационарларға «СК-Фармация» мекемесі тарапынан 45 күнге жететін дәрі-дәрмек қоры жасақталған», – деді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова.
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіхалықова Қызылорда облысында оттегі өндіретін цех құрылысына 80 млн теңге бөлінгенін мәлімдеді. Бұл өкпені жасанды желдету аппараттары мен оттегі баллондарының жетіспеушілігі мәселесін шешпек. Ал дерт өршіп тұрған аймақтардың бірі Қарағанды облысының әкімі коронавирустан қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін шекті баға белгіленетінін жеткізді. Айта кетейік, жақында желіде қайтыс болған адамды тасымалдау мен жерлеуді ұйымдастыру үшін 500 мың теңге талап етілгені туралы ақпарат тараған. Бірақ әкімнің айтуынша, бұл ақпар – жалған.
«Бүгінгі күні нарықтағы бекітілген баға адамның қандай жағдайда қайтыс болғанына қарамастан шамамен 150 мың теңге. Бұл ақпарат желіде пайда болғаннан кейін біз тексердік. Біріншіден, Қарағандыда мәйітханалардың бірінде қайтыс болған адамды жерлеу үшін 500 мың теңге сұрады деген ақпарат расталмады. Егер біреу бекітілген баға параметрін бұзатын болса, мен ресми түрде мәлімдеймін, қала әкімдігіне немесе маған, болмаса баспасөз қызметі немесе қабылдау бөлмеме хабарласа аласыз, біз жауапсыз қалдырмаймыз», – деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Павлодар облысында дәрігерлер тапшы. Өңірдегі өзекті мәселені шешу үшін бұрынғы медицина қызметкерлерін көмекке шақырып жатыр. Бүгінде дертпен күресте 400-ден астам дәрігер қажет дейді, облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов.
«Біз қазір бүкіл облыс медиктерді жұмылдырдық. Бұрынғы медицина қызметкерлері мен оқу орындарының түлектері арасынан кадрлар іздеп отырмыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының өтінішіне бүгінгі күні 103 адам жауап берді. Оның 17-і жұмысқа кірісті. Тағы да 26 адам өздерінің жүгінуі бойынша жұмысқа орналасты», – деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.
Ал, елорда әкімі Алтай Көлгінов эпидемиялық жағдай өзгерген жағдайда, қосымша мыңнан астам орын ашылатынын айтты. Оның сөзінше, карантин басталған уақытта елордада тек қана үш стационар болған. Қазіргі уақытта олардың саны 13-ке жеткен. Алайда емдеу орындарының 87 пайызы толған. Дегенмен бас қала басшысы демалыс күндері карантин енгізілгеннің нәтижесінде жедел жәрдемге хабарласушылар санын азайды, деп болжап отыр.
«22-28 маусым күндері Нұр-Сұлтан қаласының жедел жәрдем стансасына өте көп адам хабарласты. Бұрындары тәулігіне 2-2,5 мың қоңырау қабылданса, бұл күндері 4 300-ден астам адам хабарласқан. Демалыс күндеріне енгізілген екі карантиннен соң бұл сандар айтарлықтай төмендеді. Қазір де үшінші тәулік карантин режимінде жұмыс істеп жатырмыз, жедел жәрдем стансасына хабарласушылар саны азайып, қайтадан 2 090 қоңырауға дейін түсті. Біз азаматтардың жағдайды саналы түрде түсінгенін көріп отырмыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Сонымен қатар, елордада коронавирусқа байланысты ахуал өршіген жағдайда оқу орындарының жатақханасынан мыңға жуық орын дайындалады. Бүгінде қонақ үйлердің бірінде қосымша дайындалған 500 орынның 65 пайызында науқастар жатыр. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 200 өкпе желдету аппаратын да сатып алайын деп жатырмыз деп мәлімдеді.