Елордадағы инфекциялық стационарлар 72 пайызға толды. Жансақтау бөлімінде 230 адам жатыр. Барлық инфекциялық төсек-орынның 1 006-сы ғана бос, оның 62-сі реанимациялық төсек-орындар. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласындағы эпидемиологиялық ахуал өткен жылдың жазымен салыстырғанда әлдеқайда күрделі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Астанада эпидемиологиялық ахуалдың ушығуына байланысты қалалық ауруханалар инфекциялық режимге ауыстырылды. Жедел жәрдем қызметі де шектен тыс жүктемемен жұмыс істеуде. Себебі індетке байланысты тәулігіне 300-ден астам қоңырау түсіп жатыр екен.
«Әсіресе, азаматтар өздерін-өзі үй жағдайында емделуіне байланысты жұқпалы аурулар ауруханаларына коронавирустың ауыр түрімен түсіп жатқанын атап өткім келеді. Медициналық көмекке бірден жүгінбеу, дәрігердің қарауынсыз тікелей антикоагулянттармен емделген науқастарды реанимация бөлімшесіне ауыстыруға тура келіп отыр», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Басқарма басшысы реанимацияда жатқандардың ішінде вакцина алған науқастардың жоқ екенін айтты. Ал жалпы қала бойынша 320 мың адам екпенің бірінші компонентін алса, 200 мыңнан астамы толық иммундаудан өткен. Астана халқының әлі 60 пайызы екпе алу керек, ол вакцинаның тек ұжымдық иммунитет пайда болған кезде тиімді болатынын ескертті. Сонымен қатар, вакцина паспортын қолдан жасау да, оны сатып алу да азамзатқа қарсы қылмыс жасаумен тең деді.
«Вакцина паспортын қолдан жасаушылардың жолын кесу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Мұндай маңызды құжатты қолдан жасап сату деген енді өте қиын жағдай. Өйткені қолдан жасалған паспорт алған адам өзіне реанимацияға билет сатып алғанмен тең», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
«Мұндай күрт өсудің басты негізгі себебі – ол коронавирустың жаңа «дельта» штаммының таралуы және тұрғындардың жазғы осы қаланың ішінде және басқа қалаларға барумен байланысты. Адамдар ел ішінде белсенді қозғалады. Сәйкесінше, маска режимін сақтамайды. Олар көп жиналатын жерге барады», – деді қалалық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары Жанна Пірәлиева.
Қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, мамандар індетті жеңудің жалғыз жолы халықты вакцина алуға шақырды. Карантин талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертті.