Коронавирус: Алматыда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті

18.11.2020 02:11

Қоймаларда медициналық препараттардың 21 миллион данасы бар

ашық дереккөзден

Пандеминяның екінші толқыны болса, Алматыда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті ме? Құзырлы мамандардың айтуынша, дайындық көктемнен бері қолға алынып, бүгінде алаңдайтындай себеп жоқ. Осыған көз жеткізу үшін Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке қаладағы қоймалар мен дәріханаларды аралап қайтты. Сюжетке назар салайық.

Қала басшысының тапсырмасы бойынша Алматы республика бойынша бірінші болып тұрақтандыру қорын жасақтаған болатын. Қорға шаһар бюджетінен 10 млрд теңге бөлінген. Оның 5 миллиарды қаладағы дәріханаларды қамтамасыз етуге, қалғаны стационарлардағы дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдары қорын толтыруға жұмсалып жатыр. Тек дәріханаларға тиесілі 40 миллион дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың, бүгінде 36 миллионы жеткізілген. Ал 16 миллионы нарықта сатылыпты. Қоймаларда медициналық препараттардың 21 миллион данасы бар.

«Мысалы, шілде айындағы науқастардың емханаларға түскен көрсеткіштерін алып есептейтін болсақ, онда жылдың аяғына дейін 11 600 науқас келіп түсетін болса, онда олардың еміне 1 миллион 444 мың дәрі-дәрмек қажет болып тұр. Бірақ қазір Алматы қаласының емханаларында 3,5 миллион дәрі-дәрмек бар.  Оған қоса, қосымша 800 мыңдай дәрі-дәрмек СҚ-Фармациядан алып келінуі керек жақын арада», – деді Алматы қаласының дәрі-дәрмектермен қамту бойынша үйлестірушісі Заңғар Сәлімбаев.

Айта кету керек, интервенция мақсатында қоймаларда кем дегенде 8 миллоннан кем болмайтын қор дайын тұр. Егер қажет болған жағдайда осы 8 миллионның ішінен қажетті дәрі-дәрмек нарыққа шығарылатын болады. Дегенмен қазір жағдай тұрақты. Дәріханалар мен емханаларға күнделікті мониторинг жүргізіліп тұрады.

«Коронавирустың ықтимал екінші толқынына дайындық ретінде әкімдіктен қаражат бөлініп жатыр. Тұрақтандыру қоры бойынша 1 миллион 600 система болу керек 1 рет құйылатын, бізде қазір 9 миллионнан астам система бар. Система, шприц 5 мл, соның әрқайсысы 7,7 миллионнан кедендік қоймаларда тұр. Оны да қорды толықтыру үшін алып отырмыз», – деді қойманың логистика жөніндегі директоры Талғат Қатабаев.

Қазір қоймада қаланың тұрақтандыру қорынан шприцтің 10 миллионға жуық данасы бар. Жақын күндері оның көлемін 7,5 миллонға арттыру көзделген. Одан бөлек, қоймада 40 мыңнан астам дене қызуын өлшейтін құрал бар екен. Ертең тағы 128 мың дана сынапты термометр жеткізіледі деп жоспарлануда.

Қала дәріханаларындағы жағдай да алаңдаушылық туғызып отыған жоқ. Мұнда да дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Тіпті, кезек көп болып кеткен жағдайда, қызметкерлердің кадрлық резерві де құрылған екен. Бұдан бөлек, қосымша кассалық терминалдар да қарастырылған.

«Коронавирусты емдеуге қолданылатын барлық вирусқа қарсы, бактерияға қарсы препараттар, антикогулянттар, витаминдік өнімдердің барлығының қажетті қоры жинақталған. Біздің дәріханада дәрілік заттар жеткілікті мөлшерде. Бұл Алматы қалалық әкімдігінің тапсырманы жедел орындауының арқасында, әр іске жауапкершілікпен қарауының арқасында қол жеткізілген нәрсе», – деді Дайын дәрі-дәрмек өнімдері бөлімі басшысының орынбасары Айнұр Алмахамбетова.

Тағы бір айта кететіні, биылғы жылдың көктемінде маскаға деген сұраныстың жоғары болуы қалада 6 бірдей ірі бетперде шығаратын компанияның ашылуына түрткі болды. Қазір олар күніне 982 мың дана бетперде шығаруға қауһарлы. Одан бөлек, тағы 15 компания 27 миллион 700 мың дана медициналық бетперде шығарған.

Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы