Егер асқазан аурулары болмаса, науқас емдік қасиеттері бар ұлттық сусынмен де имунитетін жақсарта алады
Коронавирустан емделуде қымыз, шұбат секілді ұлттық сусындардың да пайдасы зор, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы медицина ғылымдарының докторы, профессор, Алматы қаласының бас штаттан тыс пульмонологы Сәуле Қасенова айтты. Оның сөзінше, егер асқазан аурулары болмаса, науқас емдік қасиеттері бар ұлттық сусынмен де имунитетін жақсарта алады. Сондай-ақ маман тыныс алу гимнастикасын жасап тұруға кеңес берді. Мұндай жаттығулар өкпенің терең тыныс алуына көмектеседі, дейді.
«Стационардан жазылып шыққан адам тек дәріге үміт артпауы керек. Өкпені коронавирус зақымдаса, тыныс алу органдары үшін реабилитацияның маңызы зор. Сондықтан біз науқастарымызға тыныс алу гимнастикасын жасауға кеңес береміз. Бұл – өкпенің терең тыныс алуы үшін ең қарапайым жаттығулар. Бұл жаттығуларды үйде жүйелі түрде жасау керек. Кейде тіпті күніне үш рет 15-20 минуттан. Бірақ міндетті түрде өкпе тыныс алуы керек», – деді Алматы қаласының бас штаттан тыс пульмонологы Сәуле Қасенова.
Ал қарағандылық дәрігер Саягүл Балахметова кеуде қысып, ентікпе пайда болса, бірден компьютерлік томография жасаудың қажеті жоқтығын айтады.
«Науқастың ауру ұзақтығы алтыншы, жетінші күнге ұзарса, дене қызуы жоғарылайтын болса, ентікпе күшейетін болса, дәрігердің көмегіне жүгініп, жергілікті дәрігерден кеңес алып, содан кейін ғана дәрігер нұсқаулықты көріп, томография жасауға болады», – деді Қарағанды қаласының №3 отбасылық денсаулық орталығының бөлім меңгерушісі Саягүл Балахметова.