Қаладағы ірі MEGA Alma-ata ойын-сауық орталығында үш екпе алу пункті жабдықталған
Коронавирусқа қарсы вакцинациялау қаладағы ойын-сауық орталықтарында да белсенді жалғасуда. Мұнда тұрғындарға ыңғайлы болу үшін екпе алу тәртібі жүйеленген. Вакцинаның өзі арнайы тоңазытқыш контейнерлерде сақталады. Уақытты ұтымды өткізу үшін келушілерге басқа да жағдайлар жасалған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғынның бейнематериалында.
80 жастағы алматылық Бәтима Дайырбайқызы бүгін таңалакеуіммен вакцина салдыруға келді. Ол үшін қаладағы осы ойын сауық орталығын таңдапты. Мұнда емхана талаптарымен қатар, барлық жағдай жасалғанын айтады. Ұжымдық иммунитет қалыптастыруда зейнеткерлердің де маңызы зор деп есептейді.
«Өте тамаша, келіп өзім отырдым, жасадым. Алла қаласа, осы вакцина өзіме де жұғымды болады, өзіме де жақсылық әкеледі деп деп ойлаймын. Еліме жұртыма айтатыным, қорықпау керек, салу керек вакцинаны. Көрсету керек, осының бәрін, мен өзім сенемін», – деді қала тұрғыны Бәтима Ашубасарова.
Қаладағы ірі MEGA Alma-ata ойын-сауық орталығында үш екпе алу пункті жабдықталған. Тұрғындар орындыққа жайғасып сауалнама толтырады, кейін мамандардың кеңесін алуға палаткаларға кіреді. Ал, кезек болса, электронды форматта жүйеленген. Арнайы талон алып, экранда көрсетілген нөмір арқылы екпе алатын бөлмеге бет алады. Сауда орнында тұрғындарды вакцинациялау таңғы сағат 8-ден кешкі 8-дейін үзіліссіз жүргізіледі.
«Бізде екі бригада болып, екі аусыммен жұмыс жасаймыз. Таңғы 08.00-ден бастап 14.00-ге дейін жұмыс жасасақ, 14.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс жасайтын екінші аусым келеді. Біздің құрамда қазір шамамен 25 адамдай жұмыс істеп отыр. Оның ішінде медбикелер бар, еріктелер бар, иммунолог дәрігерлер, операторлар бар, осындай құраммен жұмыс жасап отырмыз», – деді №4 қалалық емханасының жалпы тәжірибелік дәрігері Айгерім Тоқтыбаева.
Емханадан келген екпелер 25 градустағы контейнерде сақталады. Адамға салмас бұрын оны арнайы құралда ерітеді екен. Ерітілген вакциналар екі сағатқа дейін жарамды дейді дәрігерлер.
«Емханадан вакциналар арнайы автоматтандырылған тоңазытқышқа салынып әкелінеді. Екпе салынған контейнерде -25 градустың болуы маңызды. Себебі салқын жерде сақталмаса, ол өз құрамын жояды», – деді №4 қалалық емханасының бас мейірбикесі Назира Райымбаева.
Еске салайық, «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін қаладағы емханалардың бірінен алсаңыз, екіншісін де сол жерде салдыруыңыз керек. Ал сауда, ойын-сауық орталығында алғандарға екіншісін қайда салдыратыны туралы смс-хабарлама келеді.
Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әжімжанов, «Алматы» арнасы