Ковидті жылдам анықтайтын отандық тест сынамасын ресми тіркеуге не кедергі

27.11.2021 02:15

Вирусты 98 пайыз дәлдікпен көрсететін тест тек үй жағдайында қолданылып келеді

Almaty.tv

Коронавирустың бар-жоғын анықтайтын жедел тест сынамасын өндіретін отандық фарм-компания мемлекеттен қолдау сұрап отыр. 15 минут ішінде науқастың вирус жұқтырған-жұқтырмағанын 98 пайыз дәлдікпен көрсететін тесттердің нарықта сатылымға шыққанына 2 жыл болыпты. Дегенмен ол тек үй жағдайында ғана қолданылып келеді. Сынаманың ресми тіркелуіне не кедергі болып отыр? Almaty.tv тілшісі осы сұраққа жауап іздеп көрген еді.

Отандық «Экофарм» компаниясы – елде пандемия басталғалы COVID-19 вирусының антигенін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін жедел сынама тестін өндіріп отырған жалғыз мекеме. Жауаптылардың айтуынша, бұл тестті жасап шығарар алдында алдымен адам ағзасында коронавирусқа қарсы антиденелердің бар-жоғын анықтайтын сынама тестін нарыққа шығарыпты. Кейін ол мемлекет тарапынан бірден қолдау тапқан. Бүгінде Алматыдағы дәріханаларды осы құралмен қамтып отырған тестті халық құптаған көрінеді. Себебі сатылымы жақсы екен. Алайда тиімділігі 98 пайыздан жоғары тест әзірге тек үй жағдайында қолданылуға ғана жарап отыр  дейді мамандар.

Фармкомпания бүгінге дейін бұл сынаманың 80 мың данасын өндірген және бағасы да қолжетімді, құны 2500 теңге екен. Ал құрамының 50 пайызы отандық материалдардан жасалған. Оны өндіргенде ішіндегі вирусты анықтайтын мембранды жолақты пластмасса кассетаға салып  тығыздайды. Кейін оны аппараттың көмегімен дайын күйге жеткізіп, қорапшаға салады екен. Оны қолдану да оңай екен. Өзінен коронавирустың симптомдарын байқаған адам тестті сатып алған соң, мұрын қуысына арнайы зонтты тығып, сосын құтыдағы сұйықтыққа батырып, шайқау қажет. Кейін бірден оны сынамаға құйып, 15 минут нәтижені күтеді. Бір сызық шықса, онда вирус жоқ, ал екеу болса, онда адам ковидпен сырқаттанды деген сөз. Осы ретте компания басшылығы тиімділікті дәлелдейтін барлық сараптамадан өткенін айтады. Енді тек мемлекет ресми тіркесе, адамдардың вирусты ертерек анықтауы арқылы пандемияны тоқтатуға үлкен үлес қосар едік деп үміттенеді.

«Біз елімізге бұл қауіпті індетпен күресуге көмектескіміз келеді. Көпшілік түсінуі қажет, вирусты жеңу үшін уақытты ұтымды пайдаланған дұрыс. Ал жедел тест оған мүмкіндік береді. Сондықтан отандық өнімнің елде ресми тіркелуі маңызды деп санаймыз. Себебі бұл сынамалар тек тест жетпей жатқан шалғай аудандарда ғана емес, жаппай халық пен түрлі салада кеңінен қолданылса, вирусты тезірек тоқтатар едік», – деді фармацевтикалық компанияның директоры Әлішер Байжігітов.

Айта кетсек, бұл компания коронавирусты анықтайтын тесттен бөлек, қант диабеті, гепатит пен жүрек аурулары секілді 14 дертті ертерек анықтауға мүмкіндік беретін сынамаларды да өндіреді. Егер ресми тіркелсе, алдағы уақытта мектепте оқушылардан вирустың бар-жоғын көрсететін жедел сынаманы жаппай өндіруге дайынбыз дейді мекеме басшысы. Бірақ қазір Алматыда науқастар қатары азайып келеді. Қала «жасыл» аймақта тұр. Осы ретте мегаполистің санитариялық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов алда келе жатқан Жаңа жыл кештерін қоғамдық орындарда өткізуге рұқсат етілетінін мәлімдеді. Бірақ адам саны 100-ден аспауы қажет. Егер оған дейін «қызыл» аймаққа өтіп кетсек, онда меймандар саны 2 есеге қысқарады. Сондықтан әлі де сақтық шараларын есте сақтауға кеңес берді.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы