Көбейтұздың жыры бітер емес. Қызғылт көлдің тұзын коронавирустан емдейді деп сатқандар кім? Ал әлеуметтік желілерде ажиотаж тудырған қытай препараты шынымен де індетке дауа бола ала ма? Вирусты дәстүрлі медицинамен емдеу қаншалықты дұрыс? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.
Қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын оятқан Көбейтұз көлі елордадан екі сағаттық жерде орналасқан. Әлемде өте сирек кездесетін мұндай ерекше көлдің тұзын қолды қылып жатқандар көп. Көлдің тұзы коронавирусты емдейді-мыс. «Көбейтұздың тұзын сатамын. Бір келісі – бес мың теңге. Көптеген ауруларға ем. Коронавирусты емдеуге көмектеседі». Инстаграм әлеуметтік желісінде осындай хабарламаларды жиі кездестіруге болады. Ұзақ жылдар бойы қалпына келетін көлдің ерекше тұзына эколог мамандары да алаңдаулы.
«15 минуттың ішінде тұзды алады. Ол тұзды алғаннан кейін оның сыртқы қабаты, топырақ қабаты, тұз қабаты, иілгіш қабаттарының барлығы бұзылады, одан кейін 15 жыл бойы оның қайта қалпына келу процесі жүреді», – деді эколог Айнұр Сейілхан.
Ал, әлеуметтік желі қолданушыларының арасында мына Қытай препараты үлкен ажитотаж тудырған Сондай-ақ, осы және осыған ұқсас дәрілердің рецепттері қаптап жүр. Дәрігердің бақылауынсыз күмәнді дәрі-дәрмектерді қабылдау өте қауіпті дейді мамандар.
«Сөзсіз капсулды алып, сол дәрімен емделсе ғана жазылады деген сөз дұрыс емес. Өйткені бұл сумақ шөптің қасиеті жарғанат тектес айуандардың, жарғанат тектес құстардан жұққан, солардың жараланып, нашарлап қалған жағдайда шөпті шұқып жейді екен. Соларды зерттеп, олардың жеген шөбінен иммунитет көтерілгеніне байланысты адамдарға беріп жатырмыз», – деді медицина ғылымдарының докторы, дәрігер Жасан Зекейұлы.
Қойдың майы, спирттің буы, адыраспан т.б. Халықтың дәстүрлі медицинаға қатысты пікірі де жан-жаққа бөлінген.
БЛИЦ-1: Қойдың майы көмектеседі деп жатады. Сарымсақ, содамен емдейді деп жатады енді. Білмеймін, олардың өзіне өз басым сенбеймін.
БЛИЦ-2: Саумал көп ішеді деп естідім, сосын қымыз. Өйткені сұраныс артып жатыр дейді және құйрық майы туралы да әжем, анам айтқан. Негізі сенемін.
Өйткені кішкентай кезімнен мені солай емдеген.
БЛИЦ-3: Ондайға сенбеймін. Коронавируске қалай көмектесуі мүмкін? Медициналық тұрғыда дәлелденген дәрілер ғана көмектеседі, болды.
Дүниені дүрліктірген коронавирус өте аз зерттелген вирустарға жатады. Ал дәрігерлердің айтуынша, дәстүрлі медицинаны тек профилактика үшін пайдаланған жөн.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы