Олар жұқпалы індетке қарсы арнайы киімдер киеді, көпшілікпен қарым-қатынсақа түспей, оқшау жүреді. Коронавирус індеті анықталған ошақтарда тазалық шараларына ерекше көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Індеттің таралмауы үшін арнайы мамандар дезинфекцияны қалай жасауда? Қауіпті аймақтардағы тазалық шаралары өзгелерден қандай айырмашылығы бар?
Алматыда 356 ауру ошағы анықталса, дәл қазіргі уақытта 153 ошақтан карантин алынған жоқ әлі. Ал, арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз етілген мамандар науқастар анықталған аймақтарда дезинфекция шараларын белсенді жүргізіп жатыр.
«Күнделікті әкімдіктен бізге тізім беріледі. Қай күні, қай мекенжайдан ошақтар алып-алынбаған жайында мәлімет береді. Біз алынбаған ошақ бойынша келіп, күнделікті дезинфекция жасаймыз. Демалыссыз. Оған арнайы бір бригада арналған. Олар ешкіммен байналыста болмайды. Өздері жеке жұмыс жүргізеді», – деді дезинфекция жасайтын компания басшысы Нұрман САДЫРОВ.
Егер тұрғыннан коронавирус анықталар болса, жедел жәрдем ауруханаға алып кетеді. Ал, ол тұрып жатқан нысан бірден оқшауланып, 14 күнге карантинге жабылады. Кейін бірден, қаладағы дезинфекция орталығының мамандары келіп, тазалық шараларын бастайды. Тек қала әкімдігінің тапсырмасымен кейінгі дезинфекциялау шаралары жекеменшік ұйымдарға тапсырылады.
Бұл – Бостандық ауданындағы Манас көшесі бойында орналасқан 54-көпқабатты үй. Мұндағы екінші кіреберіс 24 сәуірден бастап, карантинге жабылған ауру ошағы болып табылады. Ал, мұндағы тазалық шараларына дезинфекционист мамандар өте ерекше көңіл бөледі. Мәселен, COVID-19 анықталған науқастың қолы тиді-ау деген домофон батырмалары алюминий материалынан жасалғандықтан, онда вирус 8 сағатқа дейін сақталады. Ал, осы вирустың басқа да тұрғындарға жайылып кетпеуі мақсатында тазалық мамандары күнделікті осындай дезинфекция шараларын жүргізіп отырады.
Бұл 4 қабатты үй құрамында 0,03 пайыз хлоры бар ерітіндімен 4-мәрте тазартылып жатыр. Екі апта карантинге жабылған бұл нысанның 40 минут ішінде сұйықтық себілуі тиіс әрбір нүктесі, яғни, кіреберісіндегі тұтқа, есік, пошта жәшіктері, жарық жаққыш және баспалдақтар мен ұстағыштың барлығы түгелдей залалсыздандырылды. Дәл осындай ауру ошағы Тимирязев-59 мекен-жайындағы жатақханадан да анықталған еді. Бұл жерде тазалық жұмыстары 5-мәрте жүргізілді. 9 мамырға дейін карантинге алынған бұл орында мамандар сақтық шараларын қатаң қадағалайды.
«Оларда бір реттік арнайы киім болады. Жұмыс уақытысы біткеннен кейін, оны қоқысқа тастамаймыз. Ең алдымен, оны залалсыздандырамыз. Камерада дезинфекциялап, содан кейін ғана қоқысқа тасталады. Өйткені сақтықта қорлық жоқ. Ошақта жүрген адамдар, яғни біздің дезинфекторларымыз толық киінеді, екі сүзгісі болады. Сырттан ешқандай ауа кірмейді. Тек сүзгі арқылы ғана ауа кіреді. Қалған график бойынша жасап жатқан дезинфекторларға көздеріне, беттеріне сұйықтық шашырап кетпес үшін медициналық қорғаныш әйнегі бар каска беріледі», – деді дезинфекция жасайтын компания басшысы Нұрман САДЫРОВ.
Ауру ошақтарында әрдайым 3 маманнан – барлығы 8 бригада жұмыс жасайды. Олар өзге залалсыздандыру жұмыстарына қатыспайды және аса сақтықпен жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қала бойынша барлығы 88 кіреберіс карантинге жабылған. Алайда ошақтағы дүкендер мен дәріханалар жұмысы тоқтаған жоқ. Қоғамнан уақытша оқшауланған тұрғындар үшін азық-түлікті сырттан жеткізу қызметі қарастырылған.
Аяулым Көлжігіт, Валерий Таубалдиев, «Алматы» арнасы