Тұмауды асқындырып алу – коронавирусқа шалдығуға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер тұмау маусымында денсаулыққа аса жауапкершілікпен қарап, санитариялық нормаларды қатаң сақтау қажеттігін айтады. Себебі жұқпалы респираторлы вирустық инфекцияны немесе COVID-19 вирусын жұқтырған науқастар емханаға кіргізілмейді. Бұл жағдайда ем-дом шаралары қалай тағайындалады? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.
Күн суытқалы жұқпалы респираторлы вирустық инфекцияны жұқтырғандар мен COVID-19 вирусына шалдыққандар санының күрт өсуіне байланысты қала емханалары науқастарды қатаң тәртіп сақтай отырып қабылдауда. Дәл осындай ауру белгілері бар пациенттерге медициналық мекеме ішінде еркін жүріп-тұруға рұқсат жоқ.
«Егер дене қызуы 37-ден жоғары болса, ол сүзгі деген кабинетке жіберіледі. Онда дене қызуы өлшеніп, жалпы жағдайы қаралады. Оттегімен қамтамасыз ету пульсоксиметрімен оның сатурациясы өлшеніп, өкпенің қалай тыныс алып жатқаны байқалады. Егер науқастың жағдайы орташа дәрежелі ауыр емес болса, ПЦР-тест алынады», – деді қалалық № 5 емхананың учаскелік дәрігері Лаура Малдыбаева.
Осылай ПТР-тест талдамасы алынған соң, оның нәтижиесін күту қажет. Егер науқас жеңіл формада сырқаттанса, онда үйіне қайтарылып, арнайы тағайындалған дәрігер жағдайын біліп отырады. Кейін ем-дом шаралары жасалады. Ал, ауыр халде ауырған жағдайда, бірден ауруханаға жатқызылады.
«Жөтелдім, ауырдым. Дене қызуым көтерілді. Қатты суық ұстап қалған еді. Содан дәрігерлер мені жақсы қарсы алып, менен анализдер алды», – деді қала тұрғыны Бақыткүл Күдекова.
Ал, кеше ғана № 5 емханаға тұмау белгілері бар 20 адам жүгінген. Олардың 16-сында тұмау асқынған. Бұл жағдай дәрігерлерде алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі тұмау асқынса, ағза әлсіреп, өзге де вирустарды жұқтыруға бейім келеді дейді мамандар. Әсіресе, жүкті әйелдер мен қарт адамдар барынша сақ болуы қажет.
«Егер науқас тұмаумен ауырса, оның иммунитеті төмендеп, ол басқа инфекцияларға бейім және сезімтал келеді. Бұл, әрине, аурудың ағымын қиындатады. Ағзаға ауыр жүк түседі. Сонымен қатар, егер науқастың қант диабеті сияқты өзге аурулары болса, онда ол, әрине, асқынып кетеді. Мұндай науқастарды ауруханада емдеу қажет», – деді қалалық № 5 емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері Үміт Асылова.
Ең қауіптісі, тұмаудың асқынуы – коронавируске ұласуы ықтимал дейді дәрігерлер. Сондықтан қала тұрғындарына барынша санитариялық талаптарды қатаң сақтауға кеңес береді.
Аяулым Көлжігіт, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы